Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Денесін балконға шығарып тастадым": Ақтөбеде өлі күйінде табылған 4 жасар баланың әкесі сот алдында жауап берді

Жарияланған күні:

сот ғимараты
Сот ғимараты. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде былтыр желтоқсан айында жоғалып, бірнеше күннен соң денесі табылған 4 жасар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Бүгін сотта баланың әкесі мен бірге анасы жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайтыс болған 4 жасар бала - үшемнің бірі. Балалар екі жасқа дейін аналарының тәрбиесінде болған. Кейін анасы оларды балалар үйіне қалдырған. Бір жылдан кейін үшемдер әкесінің тәрбиесіне алынған.

Бүгін сотқа үшемдерді балалар үйіне тастап кеткен олардың анасы шақырылды. Айтуынша, сотталушымен тек жүктілік кезінде бірге тұрған. Қол көтергеннен кейін бұрынғы күйеуіне кетіп қалған.

"Жағдайым қиындағаннан кейін балалар үйіне тапсырдым. Балаларды әкесінің алып кеткенін білген жоқпын. Баламның жоғалғанын әлеуметтік желіден көрдім", - дейді ата-ана құқынан айрылған келіншек.

Ал сотталушы әке балаларды өз атына жаздыру үшін көп шығындалғанын, өз балалары екенін дәлелдеу үшін ДНК талдама жасатқанын, балалар үйіне жиі ойыншықтар апарғанын, жақсы әке болуға тырысқанын айтты.

Ол сотқа баласының өлімін "балалар өзара төбелісіп жүріп құлап, есін жимады" деп түсіндірді.

"Шынымды айтсам, ұйқым қанбады, балаларды бағу қиын еді. Ұлдар төбелескенде бірі бетімен еденге түсті. Мұрны қанады. Бала есінен танғанда көзіңді аш деп айттым. Ол ашпады. Бір уақытта оның көгеріп жатқанын білдім. Тамыр соғысын тексердім, жүрегін тыңдағанда тоқтап қалған екен. Жасанды жолмен тыныс алдыру үшін массаж жасадым. Кейін бала есін жиғандай болды. Сасқанымнан жедел жәрдем шақыруды білмедім. Ұйқым қанбаған соң миым да істемеді, ойлай алмадым. Бұл уақыттың бәрінде балалар менің жанымда жүрді", - деді сотталушы.

Кейін сотталушы екі баланы анасының үйіне апарғанын айтады. "Д. ауырып қалды, қалғандарына жүқтыруы мүмкін" деп анасын сендірген. Өзі баласының денесі жатқан жалдамалы пәтерге қайтып келген.

сотталушы
Айыпталушы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қанша күн болғанын білмеймін. 10-11 күн шығар. Мен оның денесін балконға шығарып тастадым. Балалардың көрпесіне орап, шығардым. Алғашында үйде болды. Түсімде балам тірі екен. Ол теміржолды, пойызды жақсы көрді. Жарнама сайтынан эксковатор қызметі деген хабарлама тауып алдым. Телефон шалып, темір жол маңынан жер қазып беруді сұрадым. Сол күні мен базарға бардым. Екі күрек алып, қазылған жердің жанына бардым. Үйге барып, баланың денесін алып шықтым. Ол кезде қараңғы түсті. Ала дорбаға салдым. Таксимен қазылған жерге апардым. Көліктің қандай екені есімді жоқ. Бала салған сөмкені артқы жүксалғышқа салдым. Таксиді жібердім. Көрпеге оралған баланы шұңқырға тастап, көме бастадым. Сөмкені қоқысқа тастап кеттім. Күректі де сонда тастадым", - деді ол.

Үшемдердің әкесі сотқа берген жауабында түнде анасының үйіне оралып, екі баласының қасына жатқанын айтты.

Еске салсақ, қайғылы оқиға жарты жыл бұрын 2022 жылдың 23 желтоқсанында болған. Сот материалындағы деректерге сүйенсек, әкесі баланың өліміне әкелген бірнеше соққы жасап, кейін қылмысын жасырған. Жоғалды деп хабарлап, еріктілермен іздеуге де шыққан.

"Адам өлімі" бабымен қозғалған қылмыстық іске қатысты сот отырысы әлі жалғасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030007-denesin-balkonga-sygaryp-tastadym-aqtobede-oli-kuiinde-tabylgan-4-zasar-balanyn-akesi-sot-aldynda-zauap-berdi/