Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкесі көміп тастаған": Ақтөбеде жоғалып, денесі табылған 4 жасар баланың өліміне қатысты тың дерек шықты

Опубликовано:

Прокурор
Мемлекеттік айыптаушы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында былтыр желтоқсан айында жоғалып, бірнеше күннен соң денесі табылған 4 жасар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша негізі сот отырысы басталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүлдіршіннің өліміне қатысты жаңа деректер айтылды. Бала өлімі бойынша күдікті – туған әкесі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға 2022 жылдың 23 желтоқсаны күні шашамен сағат 21:00-де Ақтөбе қаласындағы жалдамалы пәтерде болған. Сот материалындағы деректерге сүйенсек, ауырыңқырап, мазасызданған бала сол күні әкесінің қасында болған. Бала бауырларының жанына барғысы келетінін айтқан. Ал бауырлары әжесінің үйінде болған.

"Әкесі баланы анықталмаған затпен ұрған. Алдымен басынан, кейін кеудесінен соққы жасаған. Бала есінен танып құлаған. 24 желтоқсан күні 23:00-де А. қылмысын жасыру үшін ұлының денесін екі қабатты үйдің жанына көміп тастаған. Ол экскаваторға 20 мың теңге беріп, тереңдігі 2 метр жерді қаздырған. Оған құрылыс кезінде қалған қалдықты көметінін айтқан. Қылмысын жасыру мақсатында баланың жоғалғанын хабарлаған", - делінген айыптау актісінде.

Сотта А. өз кінәсін мойындады.

"Ол балаларды тәрбиелеу кезінде қол көтерген. Осы жағдай кезінде А. мен баланың анасы арасында ұрыс болған. Сол кезде анасы балаларын өзімен бірге алып кетуді сұраған. 2022 жылдың 1 желтоқсаны күні А. өзінің балаларын "Үміт" сәбилер үйіне әкелген. Олардың денесінің әр жерінде ұрған із қалған. Әңгіме кезінде бала өзін әкесі ұрғанын айтты. "Үміт" сәбилер үйінің қызметкерлері бірден полицияға хабар берді. №1 қалалық полиция бөлімі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс 73 бабы бойынша іс қозғалды. Алайда А. одан сабақ алмады. Қалалық білім бөлімі мен №1 қалалық полиция бөлімі өз міндеттерін толық атқармады, баланы алып кетуге асықпады. Салдарынан А. аса ауыр қылмыс жасады", - дейді прокурор Әсел Утенова.

Судья айыптау актісінен кейін куәгерлер жауабын тыңдады. 41 жастағы сотталушы 2022 жылы сот арқылы "Үміт" сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан үшемдердің биологиялық әкесі деп танылған. Балалардың анасы ата-ана құқынан айрылғаны белгілі болды.

"Үміт" сәбилер үйінен келген қызметкердің айтуынша, әкесі балаларға келіп тұрған. Алғашында балаларды күндіз сәбилер үйіне қалдырып, кешкілік алып кетіп отырған. Кейін балаларды толықтай өз тәрбиесіне алған.

"1 желтоқсан күні балаларды әкелді. Балалар шаршаңқы, селқос болды. Киімдерін шешіп жатқан кезде бетінде, денесінде көгерген жерлері болды. Біз себебін сұрадық. Әкесі жанында тұрды. Ол балалардың өзара төбелесетінін, диваннан секіріп құлағанын айтты. Балалар тәрбиешіге "әкем ұрды" деп айтқан. Жағдайды қорғаншылық органына хабарлағанымызда полицияға хабар беру керегін айтты. 102 телефонына хабарластым. Мекенжайы бойынша хабарласуды сұрады.

Сауалнама жүргізіп, жасөспірімдер инспекторы балаларды қарады. Түсініктеме алды. Әкімшілік хаттама толтырды. Сот сараптама жасау керек екенін айтты. Бас дәрігер балаларды сараптамаға заңды өкілі апаратынын айтты. Инспектор тұрғылықты мекенжай бойынша алып кетті. Одан кейін баланы көрген жоқпын. Ол тез ренжігіш, жылап қалатын", - дейді "Үміт" сәбилер үйінің қызметкері.

Сотқа куәгер ретінде сотталушының анасы да шақырылған. Ол қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Келесі сот отырысы ертең, 18 шілдеде сағат 9:30-ға белгіленді.

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында еріктілер мен полицейлер із-түзсіз жоғалып кеткен 4 жасар бүлдіршінді іздестірген болатын. Екі күннен кейін бүлдіршіннің денесі табылды. Кейін полиция күдіктінің ұсталғанын мәлім еткенімен, оның нақты кім екенін ресми түрде атамаған болатын.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028954-akesi-komip-tastagan-aqtobede-zogalyp-denesi-tabylgan-4-zasar-balanyn-olimine-qatysty-tyn-derek-syqty/

pixel