"Сарапшылар шешім қабылдады": Оқу-ағарту министрі оқу жылының мерзімі туралы айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Үкімет кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының ұзақтығына қатысты сарапшылар шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ғани Бейсембаев сарапшылардың өткен жылғы оқу мерзімін қалдыруды ұсынып отырғанын атап өтті.
"Сарапшылар шешім қабылдады, ғалымдар да шешім қабылдап, оқу жылын 36 апта етіп қалдыруды ұсынады", - деді министр.
Десе де, министр бұл ұсыныс қоғаммен талқыланатынын айтты.
"Қазір министрлік түпкілікті шешім қабылдаған жоқ, енді бұл ұсынысты бүкіл ел бойынша ата-аналар мен мұғалімдермен бірге талқылау қажет. Қазір біздің мамандар облыстарды аралап, ата-аналармен, балалармен, мұғалімдермен кездесіп, соңғы шешімнің қандай болатынын талқылап жатыр", - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ министр 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі қайта қаралмайтынын мәлімдеді.
"Ата-аналар алдын ала қамдануы үшін 1-сыныпқа құжат қабылдауды көктемде бастаймыз. Бұл жерде тек мектепке арналған құралдарға ғана қатысты емес. Біз оқулықтардың санын да алдын ала жоспарлауымыз керек. Қабылдауды 1 қыркүйекке дейін ұзартсақ болар еді, бірақ ол кезде 1-сынып оқушыларына қанша оқулық қажет екенін білмей қаламыз. Уақытты шектеп, қабылдауды 1 тамызда аяқтайтын себебіміз 1-сыныпқа келетін балаларымызды қамтамасыз ету үшін жасалатын бірқатар шараға байланысты. 1-қыркүйекте келіп тұрса, ертең оқулық жетіспейді деп айтады. Біз оларға жеткілікті мөлшерде сатып алуымыз керек", - деді министр Ғани Бейсембаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030014-sarapsylar-sesim-qabyldady-oqu-agartu-ministri-oqu-zylynyn-merzimi-turaly-aitty/
Жарияланымға реакцияңыз?
Соңғы пікірлер
Барлық пікір саны: 3
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.
Өте қате өткен жылы 19-20 мамырда кітаптағы бағдарлама бітіп қалып оқушылар ойын ойнап,тик ток түсірумен айналысып кетті.жалпы білім сапасы уақытың ұзаруымен нашарлайды. Жұмыстағы сияқты егер таңғы 8 ден кешкі 8 ге дейін жұмыс жасаса одан жұмысшы шаршайды нәтижесінде өнімділік нашарлайды.сол сияқты оқушылар да ұзақ уақытқа шаршап қызығушылығын жоғалады.жалпы бұл шаралар бюджеттен көбірек қаржы алудың айласы болар шамасы.
кокеш
Бұрынғыдай. 25 мамырда сабақтың аяқталғаны дұрыс болар еді өйткені балалар шаршап ,жалығып кетеді.
745ОРА
Руслан өте дұрыс айтасың. 25-мамыр соңғы қоңырау күні болып, қалу керек.
Русланналсур