"Сарапшылар шешім қабылдады": Оқу-ағарту министрі оқу жылының мерзімі туралы айтты
Жарияланған күні:
Үкімет кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының ұзақтығына қатысты сарапшылар шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ғани Бейсембаев сарапшылардың өткен жылғы оқу мерзімін қалдыруды ұсынып отырғанын атап өтті.
"Сарапшылар шешім қабылдады, ғалымдар да шешім қабылдап, оқу жылын 36 апта етіп қалдыруды ұсынады", - деді министр.
Десе де, министр бұл ұсыныс қоғаммен талқыланатынын айтты.
"Қазір министрлік түпкілікті шешім қабылдаған жоқ, енді бұл ұсынысты бүкіл ел бойынша ата-аналар мен мұғалімдермен бірге талқылау қажет. Қазір біздің мамандар облыстарды аралап, ата-аналармен, балалармен, мұғалімдермен кездесіп, соңғы шешімнің қандай болатынын талқылап жатыр", - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ министр 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі қайта қаралмайтынын мәлімдеді.
"Ата-аналар алдын ала қамдануы үшін 1-сыныпқа құжат қабылдауды көктемде бастаймыз. Бұл жерде тек мектепке арналған құралдарға ғана қатысты емес. Біз оқулықтардың санын да алдын ала жоспарлауымыз керек. Қабылдауды 1 қыркүйекке дейін ұзартсақ болар еді, бірақ ол кезде 1-сынып оқушыларына қанша оқулық қажет екенін білмей қаламыз. Уақытты шектеп, қабылдауды 1 тамызда аяқтайтын себебіміз 1-сыныпқа келетін балаларымызды қамтамасыз ету үшін жасалатын бірқатар шараға байланысты. 1-қыркүйекте келіп тұрса, ертең оқулық жетіспейді деп айтады. Біз оларға жеткілікті мөлшерде сатып алуымыз керек", - деді министр Ғани Бейсембаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030014-sarapsylar-sesim-qabyldady-oqu-agartu-ministri-oqu-zylynyn-merzimi-turaly-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.