Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұлбұлдай сайрап тұр": Бибігүл Төлегенованың әнін әуелете шырқайтын ауыл мұғалімі талантын неге жасырып келген

Опубликовано:

Ардақ Есенова
Ардақ Есенова. Видеодан кадр: instagram.com/ar.8683

Әлеуметтік желіде Бибігүл Төлегенованың орындауындағы әйгілі "Бұлбұл" әнін нақышына келтіріп айтқан келіншектің видеосы тарады. Ауыл мектебінде тарих пәнінен сабақ беретін Ардақ Есенова осы уақытқа дейін талантын елден неге жасырып келгені туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Ардақ Есенова Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Шұбар орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі. Дауысы ерекше келіншектің "Бұлбұл" әнін шырқаған сәті желі қолданушыларын тәнті еткен.

"Керемет дауыс, керемет орындау", "Кореяға бару керек, ол жақ бағалайды", "Бұлбұлдай сайрап тұр", "Екінің бірі орындай алмайды бұл әнді", деп пікір білдірген желі қолданушылары.

Ардақ Алматыда әжесінің қолында өсіп, кейін ауылға келін болып түскен.

Әнші келіншек осы уақытқа дейін бойындағы талантын жасырып келген. Тек тұрмыс құрып, ана атанған соң бойындағы әншілік өнері маза бермей, өз ортасында ән сала бастаған. Үш бірдей мамандық бойынша дипломы бар Ардақ әншілікті арнайы оқымағанын айтады.

"Әжемнің тәрбиесінде өстім, үйде "Қазақ радиосы" үнемі қосулы тұратын, радиодан берілетін Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтың әндерін кішкентай кезімнен құлағыма құйып өстім. Бала күнімнен ән айтамын, бірақ ұялатынмын. Акустикасы жақсы, бос бөлмелерге кіріп опералық дауысқа салып айтамын. Ешкім естімейтін, ешкім көрмейтін жерде жалғыз өзім отырып ән салғанды жақсы көретінмін. Мен мұндай дауыс бәрінде бар деп ойлайтынмын. Тұрмыс құрып, ана болғалы бері ашылдым", - дейді келіншек.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда ата-анасы Ардаққа ұстаздық жолды таңдауға кеңес берген. Сол себепті әнші болу ол үшін балалық арман болып қалған.

Қазіргі таңда Ардақ жиын-отырыстарда, үйде ән салған сәтінен видеоларды желідегі парақшасында жариялап тұрады.

Ардақ өнерін қолдаушылар табылса, болашақта үлкен сахналарға шыққысы келетінін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030264-bulbuldai-sairap-tur-bibigul-tolegenovanyn-anderin-auelete-syrqaityn-auyl-mugalimi-talantyn-nege-zasyryp-kelgen/

pixel