"2050 жылы осылай болмақ": қоқыс полигонында жасалған үйлену тойының фотосессиясы желіде қызу талқыға түсті
Опубликовано:

Ақтау қоқыс полигонында жасалған фотосессия көпшілікті ойландырып қойды. Маңғыстау облысының фотографы және экологы, ағайынды Нұрбол және Нүркен Салиевтер үйлену тойының ерекше фотосессиясын Instagram парақшасында жариялаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Ақтау 2050. Достар, қазіргі таңда экологиялық мәселе тек қана бір ауылда, қалада немесе елде емес. Бұл бүкіл жер ғаламшарындағы ең ауқымды мәселе.
Жаһандық даму бәрімізге полиэтилен пакет секілді өмірімізді жеңілдететін затты қолдануға мүмкіндік берді. Алайда, таяқтың екінші басы өзімізге тиіп жатыр", - деп жазды Нұрбол Сали есімді фотограф.

Сонымен қатар ол қоқыс мәселесін әр адам өзінен бастап, тазалық сақтауы керектігін атап өтті.

"Неліктен біз патриот емеспіз? Неге біз шынайы өз отанын, елін, жерін сүйетін азамат болып, өзімізден қалған қоқысты жинамаймыз? Неге кінәні өзгеден іздейміз? Экомәдениетті қалыптастыру үкіметтің ғана жұмысы емес. Әр адам өз үйінен, өз отбасынан бастаса, үйіміз де, еліміз де , жеріміз де тап-таза болады ғой. Осы фотосессия бәрімізге сабақ болсын деп Жаратушыдан тіледім.
Жерімізді қоқыстан таза ұстау үшін , өзіміз қоқыс болмайық, Әйтпесе, сонша айтқан 2050 жыл осылай болмақ", - деп жазды Нұрбол Сали.

Желі қолданушылары да ақтаулық фотографтың бұл жазбасымен келісетінін жарыса жазды.

"Өте дұрыс жаздыңыз", "Осындай фотосессияны теңіз жағасында жасасаңыз дұрыс болатын еді", "Бәрі өзімізден басталады", "Керемет", "Әлемдік мәселені жақсы көрсеттіңіз", - деп жазды желідегілер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031110-2050-zyly-osylai-bolmaq-uilenu-toiynyn-erekse-fotosessiyasy-zelide-qyzu-talqyga-tusti/