Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда әйелдің басын кесіп алды деп күдіктелген ер адамға қатысты тың мәлімет жарияланды

Опубликовано:

Күдікті
Айыпталушы. Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Алматыда әйелді бауыздап, басын кесіп алды деп күдіктелген ер адамға қатысты алғашқы сот отырысында тың мәліметтер айтылды. Мемлекеттік айыптаушынының сөзінше, күдікті бірге тұратын келіншегіне өзінің маңыздылығын көрсету үшін әрі кезінде өзіне қарамай кеткен шұжық сататын әйелден кек қайтару үшін қанды қылмысқа барған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, тұрақты үйі мен табысы жоқ И. бірге тұрған әрі осы уақытқа дейін асырап келген әйелден ажырап қалмас үшін жауыздықпен адам өлтірген деп күдіктелуде. Жәбірленушіні саябақтан тауып, "жататын жер мен жұмыс беремін" деп алдап көріскен.

"11 сәуірде И. алдын ала дайындаған пакет пен пышақты алып, Айнабұлақ ықшамауданындағы үйден шығып саябаққа бет алады. Кешкі сағат 8 жарым шамасында И.и А.-мен кездеседі. Жәбірленуші жалғыз екенін көріп, пышақпен мойнына ұрады. Әйел екі минуттың ішінде қайтыс болды. Ал кесіп алған басын пакетке салады", - деді мемлекеттік айыптаушы Асхат Кеңес.

Телеарнаның ақпаратынша, келесі күні күдікті сол басты базарға апарған. Дәл шұжық сататын дүкенге қалдырып кетуіне де себеп бар екен. Осылайша, кезінде өзіне қарамай кеткен әйелден, яғни сатушыдан кек қайтарғысы келген дейді прокурор.

Күндіз базардан табылған бас елді шошытқан болатын. Тергеу мәліметінше, күдіктінің көздегені де осы болған көрінеді. "Алматыда жүрген қанішерден қорғаймын" деп, бірге тұрған әйеліне айтқан. Яғни үйден қуып жібермес үшін өзінің керектігін көрсеткісі келіпті.

Десе де айыпталушы тағылған айыппен мүлде келіспеді. Ол сотқа алқабилердің қатысуын сұрады. Сот өтінішті мақұлдады.

Еске сала кетсек, 12 сәуірде Алматыдағы базарлардың бірінен пакетке салынған бас табылған еді. Марқұм - 1976 жылы туған әйел. Оның денесі базар жанындағы қараусыз ғимараттың маңынан табылды.

Кейін 61 жастағы күдікті ұсталды. Оның үстінен адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қылмысы дәлелденсе, күдікті 15 жыл немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031939-almatyda-aieldin-basyn-kesip-algan-kudiktige-qatysty-tyn-malimet-zariyalandy/

pixel