Ақтөбеде 19 жастағы шешен қызы әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкерлерге қазақ тілін үйретіп жүр
Жарияланған күні:
Ақтөбелік Ализа Қайхарова небәрі 19 жасында қазақша сөйлегісі келетін өзге ұлт өкілдеріне арнайы курс ашқан. Филология факультетінің студентінен жергілікті кәсіпкерлер мен әкімдік қызметкерлері де тіл үйреніп жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ализа Қайхарованың ұлты - шешен. Соған қарамастан ол қазақ тілін үйрету үшін орталық ашуға шешкен. Айтуынша, қазір қазақ тілін үйренуге деген сұраныс жоғары.
"Қазақ тілін үйренуге сұраныс өте жоғары. Өзге ұлт өкілдері көп келеді. "Біз Қазақстанда тұрамыз. Қазақ тілін үйренгіміз келеді. Жан-жағымыздағылар не айтып жатқанын түсінгіміз келеді" дейді. Менен қазақ тілін үйреніп жүргендер қатарында орыстар, украиндар, шешендер бар. Орыстілді қазақ азаматтары да келеді.
Сөйлеу тілін үйретуге басымдық береміз. Бәрі де аз уақыттың ішінде қазақ тілін үйреніп, еркін сөйлегісі келеді. Көбісі қате сөйлеуден қорқып, қысылады. Бізде "Дүкенде" деген тақырып бар. Дүкендегі диалогты сабақ үстінде жасаймыз, дайындаламыз. Оларға тапсырма беріледі. Диктофонды қосып қазақ тілінде сөйлеседі. Бастапқыда ұялады, екінші рет көргенде қателіктер болады, үшінші мәрте еркін сөйлеседі. Күнделікті қолданыстағы сөздерді жиі айту арқылы тілді де тез үйренуге болады", - дейді Ализа.
Ализа Ақтөбе облысы Темір ауданының тумасы. Әкесі - шешен ұлтының өкілі, анасы - қазақ. Екі ұлдың ортасындағы жалғыз қыз. Кеңес үкіметі кезінде атасы осында қоныс аударып, отбасы Қазақстанда тұрақтаған.
Ализа университетке тапсырарда, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдап, филология факультетіне түскен.
"Университеттің бірінші курсында қатты қиналдым, тастап кеткім келген кезім болды. Осыған дейін білімді орыс тілінде алдым, орысша оқыдым. "Жоғарғы оқу орнын қазақша таңдау қателік болды ма?!" деген қорқыныштың болғаны рас. Себебі мен қазақшаны тұрмыстық қарым-қатынаста жақсы білетінмін", - дейді ол.
Кейіпкеріміз тіл үйрету ісін қазақ тілі курсына мұғалім бола жүріп, қолға алған. Кейін сұраныстың жоғары екеніне көзі жеткен соң, өзі жеке курс ашқан. Қазірдің өзінде ол үш топқа тіл үйретеді. Әр топта 10 тәлімгерден бар. Одан бөлек жеке адамдармен де жұмыс істейді.
"Үш айдың ішінде нәтиже болады. Бірақ толық таза қазақша сөйлеп кете алмайды. Алты айдың ішінде таза қазақша сөйлеуге болады. Түк сөйлеу білмей үйренгендер бар. "Қазақша үйренгім келеді" деген әкімдік қызметкерлері де, кәсіпкерлер де келді. Сабаққа тұрақты қатысады", - де"ді Ализа Кайхарова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032565-aqtobede-19-zastagy-sesen-qyzy-akimdik-qyzmetkerleri-men-kasipkerlerge-qazaq-tilin-uiretip-zur/