Электр самокат тебушілерге қойылатын талаптар мен шектеулер қандай: ІІМ өкілі түсіндірді
Жарияланған күні:
Елімізде электр самокаттарға қатысты жаңа заң қабылданды. Көлік құралының бұл түріне қандай шектеу қойылады? Осы және өзге сұрақтарға ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жауап берді, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық-медиа порталы.
Электр самокатпен қай жерде және қай жастан бастап жүруге болады?
Қабылданған жаңа заңға сәйкес электр самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда қозғала алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек. Сонымен қатар электр самокатпен көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізушіде кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы керек.
Электр самокат жүргізушілері "шлем" киюге міндетті ме?
Иә, мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізушілері жолдың жүріс бөлігінде жүргенде бекітілген шлемді киюі керек.
Электр самокат жүргізушілеріне бақылау қалай жүргізіледі және жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?
Айта кету керек, кикшеринг (электрлі самокаттарды қысқа мерзімге жалға беретін компаниялар - ред.) компаниялары жаяу жүргіншілер мен саябақтардың белгілі бір жерлерінде электр самокат жылдамдығын шектейтін болады. Орнатылған GPS-сенсордың арқасында мұндай аймақтарға кіру кезінде жылдамдықты шектеу автоматты түрде қосылады.
Қазір оларды жолаушылар мен жүктерді тасымалдау (ӘҚБтК-нің 593-бабы, 5 АЕК көлемінде айыппұл салу), сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 620-бабы, ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салу) жауапкершілікке тартуға болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электр креслолар шағын электр көліктерге жата ма?
Жоқ. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған креслолар шағын электр көліктер санатына кірмейді, себебі адамдардың қозғалуына арналған құрал болып саналады. Сонымен қатар шағын электр көліктерді пайдаланушыларға қойылатын жеке талаптарды мүмкіндігі шектеулі адамдар орындай алмайды. Мысалы, жолды кесіп өткенде креслодан түсіп, жетектеп өту деген сияқты талапты орындай алмайды.
Неліктен "жаяу жүргінші" ұғымына өзгерістер енгізілуде?
"Жаяу жүргінші" түсінігі электр самокат пен шағын электр көліктерін алып жүруге қатысты заң талаптарына сәйкес реттелуде. Осы түзетуге байланысты бұл көліктерден түсіп, алып жүрген кезде олардың жүргізушілері жаяу жүргіншілерге теңестіріледі.
Электр самокаттар ішкі істер органдарында тіркеле ме?
Жоқ, тіркеуге жататын автокөлік құралдарының тізбесі кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде белгіленген. Электросамокат бұл тізімге кірмейді.
Электр самокаттардың максималды жылдамдығы 25 км/сағаттан артық болса, ол қай көлік түріне жатады?
Бұл жағдайда электрлі самокат "мопед" ұғымына түседі. Бұл ретте қазіргі уақытта максималды конструктивті жылдамдығы 50 км/сағаттан асатын электр самокаттардың импортын шектеу мүмкіндігі қарастырылуда, себебі мұндай көлік қауіпті, тұрақсыз және одан жарақат алу қаупі жоғары.
Мопедтердің, электр самокаттардың және велосипедтер жүргізушілеріне жарық шағылыстыратын затсыз жүруіне тыйым салынады. Бұл қандай заттар және талаптары қандай?
Бұл талапқа сәйкес сізде кез келген жарық қайтарғыш элементі бар зат болуы керек. Ол кез келген киім болуы мүмкін: күртеше, қалпақ, жилет, аяқ киім, рюкзак, сөмке және арнайы жарық қайтарғыш ленталар. Бұл заттардың көрінуін қамтамасыз ету қиын емес. Басқа көлік жүргізушілеріне толыққанды көрінуі үшін оларды киімдердің үстінен киюге болады.
Электр самокатты басқарушылар "мас күйінде көлік тізгіндегені үшін жауапкершілікке тартыла ма?
Электр самокат автокөлік құралы болып табылмайтындықтан және тіркеуге жатпайтындықтан, оларға ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген жауапкершілік қолданылмайды. Электр самокатты мас күйінде жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Еске салсақ, 10 мамыр күні Мәжіліс электр самокат, мопедтер жүргізушілеріне бірқатар шектеулер енгізетін заң жобасын қабылдаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032630-elektrli-samokat-tebusilerge-qoiylatyn-talaptar-men-sekteuler-qandai-iim-okili-tusindirdi/