Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жағдайымыз қиын": Алматы облысында суармалы су тапшылығын көріп отырған шаруалар дабыл қақты

Опубликовано:

Наразы шаруалар
Наразы шаруалар. Видеодан кадр: Almaty.tv

Алматы облысының шаруалары суармалы су тапшылығының зардабын тартып отыр. Соның салдарынан биыл облыстың Іле мен Жамбыл аудандарында астық науқаны ойдағыдай болмауы мүмкін, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Алматының кәріз қалдығы механикалық, биологиялық өңдеуден өтіп, "Сорбұлақ" су қоймасына құяды. Ал іргелес жатқан Жамбыл, Іле ауданындағы алқаптар қажетті суды осы жерден алады. Бірақ су көлемі шектеулі. Соның салдарынан Жамбылда 7 мың, Іледе 5 мың гектар суармалы жер игерілмей тұр. Бұл қатарға қырық жыл бұрын салынған арық жүйесінің әбден тозғанын тағы қосыңыз.

"Жағдайымыз қиын. Мұнда шамамен 3 мың гектар жерді тамшылатып суарып отырмыз. Ол да қыруар ақша. Басқа амалымыз жоқ. Жүгеріні күн сайын суару керек. Қалай боларын білмеймін", – деді шаруа қожалығының басшысы Олег Ткачук.

Бүгінде арнадағы судың деңгейі екі есеге төмендеп кеткен. Керек жеріне келемін дегенше 40 градус ыстықта су буға айналып үлгереді. Тағы біразы құмға сіңіп, жоқ болады. Осылайша Сорбұлақтан алқапқа жеткенше бар судың 80 пайызы далаға кетеді екен. Шөлі қанбаған жердің өнімі де жетісіп тұрған жоқ.  

"Алматы Суға" барғанда, су жоғын айтты.  Яғни олар суды біз сұраған мөлшерді бере алмады. Анықтай келе, ағынды судың жасанды 5 көлге құятынын байқадық. Басқа бөлігі Ілеге кетеді. Не үшін? Мұнда қаншама шаруа қожалығы суға мұқтаж болып отыр. Неге бақыланбайды?", – деді шаруа қожалығының басшысы Сергей Янис.

Шаруалардың айтуынша, олар жоспарлаған өнімін ала алмай, дал болып жүр.

"Су жетпегеннен кейін, өнім өспейді. Жоспарлаған мөлшерде өнім ала алмаймыз. Ол 30-40 пайызға дейін кетеді. Бізге қазір су керек. Себебі жүгері осы уақытта тояды, көлемін алады. Бірақ су жоқ", – деді шаруа қожалығының басшысы Хамза Бабалықов.

Ағынды су апатты жағдайда азайып жатыр деуге негіз жоқ. Дегенмен 1 млрд текшеметр сыйғыза алатын "Сорбұлақ" биыл 700 млн көлемде ғана су жиған.

"Бұл су қоймасына судың жетіспеушілігінің себебі Алматы қаласы 450 мың кубқа дейін су жіберуі тиіс болған. Бүгінгі күнде жіберілетін судың көлемі 145 мыңды құрап отыр. Бұл мәселені шешу үшін "Алматы Су" мекемесі сарқынды, тазаланған суын "Сорбұлақ" су қоймасына қарай бұруы керек", деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев.

Жылдар бойы түйіні тарқамаған мәселені шешпекке бұған дейін бірнеше рет қадам жасалған. Арнаға арнайы комиссия келген, тіпті былтыр Президенттің өзі сарқынды суды пайдаланудың ортақ талабын бекітуді бұйырған. Бірақ әзірге өзгеріс жоқ.

"Нормативтік-құқықтық құжат әлі дайындалу үстінде. Біздің мәлімет бойынша, тамыз айының аяғында дайын болуы керек. Құжат дайын болғаннан кейін, экологиялық эмиссияға өзгеріс енгізілуі мүмкін", – деді  "ҚР Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы" РММ басшысы Раушан Иманбет.

Жасанды көлге су бұру үшін аталған құжат рәсімделсе, жыл сайын суармалы алқап көлемі 200 гектарға ұлғаяды деген болжам бар. Талайдан бері тағына қонбаған істің тағы қанша жыл созбаққа салынатына белгісіз. Шаруалар мәселенің шашауы шықпай шешілгенін талап етіп отыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032781-zagdaiymyz-qiyn-almaty-oblysynda-suarmaly-su-tapsylygyn-korip-otyrgan-sarualar-dabyl-qaqty/

pixel