Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында 8 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

Опубликовано:

Түркістан облысындағы мектеп
Фото: KAZ.NUR.KZ

Түркістан облысында 8 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Оның бесеуінде жөндеу жұмыстары кешіктірілілсе, бір мектепте тіпті жөндеу жұмыстары басталмаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. тілшісі.

Түркістан облысындағы 8 мектеп жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара аша алмайды. Өйткені 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары кешіктірілген. Тағы 3 мектепте мемлекеттік лицензия жоқ. Бұл туралы Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Қасымова хабарлады.

Оқу ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 8 мектепті анықтап, сонымен қатар мониторинг барысында 14 мектепте жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына баса назар аударған. 

"Қазіргі таңда облыста мектеп ғимараты толық жөндеуден өтіп жатқан 5 мектеп, ал шатыры, ішкі мен сыртқы қабырғалары, терезе, есік, едендері жөнделіп жатқан 7 мектеп, электр жүйесі, демонтаж, ішкі сү, кәріз жүйесі, терезе, шатыры жөндеуден өтіп жатқан 1 мектеп, күрделі жөндеуге конкурс жарияланып, жөндеу жұмыстары басталмаған 1 мектеп бар. Жоспар бойынша 2023-2024 оқу жылына 14 мектептің 9-ы тамыз айының соңына дейін тапсырылса, бес мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кешіктіріледі деп күтілуде. Демек 5 мектеп оқушыларды қабылдауға дайын емес. Атап айтқанда Төлеби ауданындағы «Қаратөбе» жалпы орта мектебі мен "Қостөбе" ШЖЖОМ. Одан бөлек, Түлкібас ауданындағы А.Оразбаева, Ордабасы ауданындағы Е.Ерназаров, Кентау қаласындағы №24 Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектептері. Осы ретте жөндеу жұмыстары кешіктірілген мектептердің оқушылары көрші мектептерге тасымалданады деп жоспарлануда", - дейді Жанар Сатыбалдықызы.

Түркістан облысындағы мектеп
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ал бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысын созбалаңға салған мердігерге 1 апта уақыт берді. Жаңа оқу жылы жақындағанына қарамастан білім ұясының құрылысын әлі аяқтамаған «Шаңырақ» ЖШС өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда іс сотқа беріледі. "Әліңіз келмей ме, тапсырыңыз. Осыншама уақыт созып, енді сылтаумен тойдырмақсыз.  Сіз 1300 баланы далада қалдырайын деп отырсыз. Мемлекет қаражатын алып, халықты алдап отырсыз. Шамаңыз келмесе неге аласыз? Біз үшін әр сәт қымбат. Сізге соңғы мүмкіндік беріледі. Бір апта. Атүсті жүріп жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Сапасын бақылау күшейтіледі", -деді Дархан Сатыбалды.  Құрылыс компаниясы күрделі жөндеуді осыдан 1 жыл бұрын бастаған. Осыған дейін жұмысты жылдамдату туралы талай рет ескерту алған екен. 

Түркістан облысындағы мектеп
Фото: KAZ.NUR.KZ

Сонымен қатар Түркістан облысында  күрделі жөндеу жұмыстарынан бөлек, жаңа 2023-2024 оқу жылына тағы мемлекеттік лицензиясыз білім беру қызметін жүргізіп жатқан үш мектеп оқушыларды қабылдауға дайын емес боп шықты.

"Атап айтқанда, Сарыағаш ауданындағы №78 жалпы орта мектебі, Қазығұрт ауданындағы №1 жалпы орта мектебі, Төлеби ауданындағы Лашкар Тәжібаев атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебі 5-9 сынып оқушыларын қабылдай алмайды. Бұл мектептердің білім беру қызметімен айналысуға лицензиялары мен лицензияға қосымшалары берілмеген",- деп мәлімдеді Түркістан облысы бойынша білім сапасын бақылау департаменті директорының орынбасары Жанар Қасымова. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033079-turkistan-oblysynda-8-mektep-zana-oqu-zylyna-daiyn-emes/

pixel