Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан" шахтасындағы апаттан көз жұмған кеншілер жер қойнына тапсырылды (видео)

Опубликовано:

Жерлеу
Көрнекі фото: Рixabay.com

Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында қаза тапқан Виктор Бургун мен Виталий Слюньков бүгін жер қойнына берілді. Өлі денесі ең бірінші табылған Денис Стешин кеше жерленген. Соңғы екі кеншімен қоштасу рәсімі ертеңге жоспарланған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның ақпаратынша, 39 жылын жер асты еңбегіне арнаған 58 жастағы Виктор Бургунды шығарып салуға келгендердің қарасы қалың.

"Әр уақытта бірдеңе тосады ғой осылай, бірдеңе болғаннан кейін ғана басталады жұмыстың бәрі. Баяғыда Ленин шахтасында жиырма адамдай қайтыс болған кезде асфальт та салынды, жарық та істелінді деген сияқты. Болмай-ақ қойсын ондай, енді алдын ала істесін, біздің депутаттар бар", - деді марқұмның әріптесі Нұржан Райымбеков.

Қаралы жиынға әкім қаралар мен депутаттар да келген. Айтуларынша "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының құрғақ уәдесі елді шаршатқан. Компанияға қарасты шахталардың бәрінде заманауи құрылғылар сөз жүзінде ғана жаңарып жатыр дейді.

"Олар өздерінше алдайды, ылғи алдайды. Бес жылдық жоспар бар, 3 жылдық жоспар бар, біреуі орындалған жоқ. Ең құрымаса бес жылдық жоспардың 30 пайызын да орындаған жоқ. Мынаны алдын аламыз ешқандай қауіп болмайды, өйтіп жатырмыз бүйтіп жатырмыз деп көзімізді алдап жәй бірдеңе бере салады. Ал нақты орындалып жатқан ештеңе жоқ", - деді мәжілісмен Құдайберген Бексұлтанов.

59 жастағы Виталий Слюньков та шахтада 39 жыл еңбек еткен. Оның денесін жақындары үйінен шығарды.

Ал шахтаның өзінде 5 күн бұрын басталған өрт әлі сөндіріліп бітпей жатыр. Өйткені конвеерлік лентадағы өрт көмір қабаттарына тиген. Сондықтан тар жерде тұтанған көмірдің қою қара түтіні мен бет қаратпас ыстығы өрт сөндірушілерді маңайлатпай жатқан көрінеді.

Қазір жер астындағы 10 нан аса өрт ошағымен 40 шақты өрт сөндіруші алысып жатыр екен. Одан көп адамды кіргізуге жер астындағы тар жолдар мүмкіндік бермейді. Сондықтан мамандар тілсіз жаудың беті қашан қайтарын нақты айта алар емес.

"Бізде былтыр Ленин шахтасындағы өрт кезінде 3 апта деп жоспарлағанбыз. Бірақ одан ерте сөндірдік. Сондай болуы мүмкін. Керісінше созылып кетуі де ғажап емес. Өйткені жанған көмірді сөндіру оңай емес. Сондықтан нақты айта алмаймыз", - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.

"Қазақстан шахтасында" еңбек ететін 1450 адамның 600 ден астамы қазір басқа шахталарға жұмысқа жіберілген. Қалғаны өрт сөндірушілерге көмектесу үшін осы шахтада жүр.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033374-qazaqstan-saxtasyndagy-apattan-koz-zumgan-kensiler-zer-qoinyna-tapsyryldy-video/

pixel