Ақтөбе облысында итжидектен уланған екі баланың беті бері қарады
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында белгісіз заттан уланып, ауыр жағдайда ауруханаға түскен екі баланың беті бері қарады. КТК арнасының хабарлауынша, бүлдіршіндер итжидектен уланған.
Балалардың анасының сөзіне сүйенген телеарна мәліметінше, бүлдіршіндер ауыл шетінде ойнап жүрген. Сол күні үй иелері қонақ күтіп, бүлдіршіндерге көңіл бөле алмаған.
Кейін бес жасар ұл мен үш жасар қыз баланың жабайы итжидектің әлі пісе қоймаған жемісін теріп жегені анықталған. Ойнаған жерлерінде осы улы шөптесін өсімдік шашылып жатқан. Жақындары балалардың жидек жегендерін содан білген.
Уланған бүлдіршіндер алғашқыда есін жоғалтып, қызуы көтеріліп, сандырақтап, әлсірей берген. Жағдайы нашарлаған балалар Қобда ауданына қарасты Өтек ауылынан санитарлық авиация көмегімен облыстық ауруханаға жеткізілген.
Мамандар қос бүлдіршінді аман алып қалу үшін екі тәулік бойы барын салған.
"Санавиациямен алып келді. Жалпы балалардың жағдайы өте ауыр болды. Олар реанимацияға жатқызылды. Екі күн балаларға изентакциялық терапия жүргіздік. Қазір балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Бейіндік бөлімге ауыстырылды", - дейді Ақтөбе облыстық ана мен баланы қорғау орталығының бас дәрігері Ербол Жапақов.
Дереккөз: КТК арнасы
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысы Қобда ауданы Өтек ауылында екі бала белгісіз заттан уланып қалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033395-aqtobede-oblysynda-itzidekten-ulangan-eki-balanyn-beti-beri-qarady/