Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көбінің анасы тірі": Семейдегі университетте құтыда сақтаулы сәбилердің денесі жер қойнына тапсырыла ма

Жарияланған күні:

Семей медицина университеті
Семей медицина университеті. Фото: smu.edu.kz

Семейдегі медициналық университетте ядролық сынақ құрбаны делінген сәбилердің денесі құтыларда сақтаулы тұр. Жақында әлеуметтік желіде 32 жыл бойы ерітіндіде тұрған сәбилерді жер қойнына тапсыру туралы мәселе көтерілді. Бұған қатысты жоғары оқу орнының баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Instagram-дағы steppeart парақшасының авторы, продюсер Джулия Ғани ядролық сынақтың зардабын тартқан сәбилерді қазақ дәстүріне сай жерлеуді ұсынған.

"Семейде ерітіндісі бар құтыларда ядролық сынақтардан зардап шеккен балалардың денесі сақтаулы. Туа сала олардың жансыз денесі тәжірибе үшін пайдаланылды, денелерін кесіп, зерттеді, органдарын алып, микроскоппен қарады, сол сәбилерді кейін түрлі елдердің ғалымдары мен студенттеріне көрсетті.

Көбі тірі, жарымжан боп туса да, бұл сәбилердің денесі жерге тимеген, ана жылулығын сезінбеген күйі 32 жыл бойы университеттің кішкентай бөлмесінде ерітінді ішінде тұр", - деп жазады Джулия Ғани.

Ол жазбасында мемлекет басшысынан сәбилердің денесін жер қойнауына тапсыру туралы тапсырма беруді сұрайді.

"Зерттелуі тиіс нәрсенің бәрі зерттелді. Енді оларды әрі қарай сақтап отырудың қажеті не? Бұл аттракционның аяқталар шегі бар ма? Сізден оларды жерлеп, сол жерге кішігірім ескерткіш қоюды сұраймын", - дейді блогер.

Оның сөзінше, балалардың көбісінің анасы тірі, оларға балаларын жоқтай алатындай жағдай жасалуы қажет.

Бұған қатысты аталған университеттің баспасөз қызметі жауап берді. Семей медицина университетінің өкілі бұндай мұражайдың медициналық білім беретін ұйымда болуы медицина этикасына сай екенін айтады.

"Анатомиялық музей университетте тек білім беру мақсатында құрылған. Барлық елде медицина мамандарын даярлауда анатомия, топографиялық анатомия, патологиялық анатомия, гистология сияқты негізгі пәндер оқытылады. Осы пәндерді оқытуда мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа сәйкес, практикалық сабақтарда мәйіт материалдары қолданылады.

Мәйіт материалын дайындау және алу "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы Кодекстің "Анатомиялық сый" 155 бабына сәйкес жүзеге асырылады. Медициналық ЖОО-да бәсекеге қабілетті түлек дайындау үшін студенттер оқытудың барлық кезеңінен – базалық пәндерден бастап клиникалық пәндерге дейін өтуі керек. Медициналық университет студенттеріне мәйіт курстары жүргізіледі. Мәйіт курсының мәні: клиникалық тәжірибеге шығарар алдында студенттер мәйіттік материалға медициналық манипуляциялар жасайды. Бұл әлемдік тәжірибе", - дейді ЖОО өкілі.

Сондай-ақ университеттің баспасөз қызметі анатомиялық музейде сақталып тұрған мәйіттер полигон құрбандары емес дейді.

"Қазақстанның медициналық ЖОО жыл сайын студенттерді толыққанды оқыту үшін өз күшімен мәйіт материалдарын сақтауға тырысады. Анатомиялық театрды көрсетпей дәрігерді оқытып шығу мүмкін емес. Сол үшін медициналық университеттер мүзейінде дамуында ақауы бар және қалыпты дамыған мәйіт материалдары жасақталады. Анатомиялық музейдегі мәйіт материалдары полигон құрбандары емес, өйткені патологиялық процестердің пайда болуының соңғы әрі нақты себебін белгілеу үшін ғылыми негіз жоқ. Соңғы диагнозды қою үшін дәрігер адамның қалыпты немесе патологиясы бар дене құрылымы туралы білімі болуы қажет", - делінген университеттің жауабында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035323-kobinin-anasy-tiri-semeidegi-universitette-qutyda-saqtauly-sabilerdin-denesi-zer-qoinyna-tapsyryla-ma/