Семейде 85 жыл бұрын салынған үйдің тұрғындары пәтерін тастап кетуге мәжбүр екенін айтты
Жарияланған күні:
Семейде ескі үйдің тұрғындары жергілікті биліктен көмек сұрайды. Тұрғындар үш қабатты үйді апатты деп тануды талап етуде. Өйткені іргетасы шөгіп, қабырғасы сыз тартқан үй олардың үрейін ұшыруда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Олардың айтуынша, баспананың іргетасы 85 жыл бұрын қаланған. Қазіргі уақытта күтімсіз қалған ескі үйдің тоз-тозы шыққан. Іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақырап, шаңырағы ортасына түскелі тұрғандықтан 30 отбасының көбі баспанасын тастап кетуге мәжбүр.
"Әрине қорқамыз. Қатты жарылып кетті. Төбеден су ағады. Іш жақтары үгітіліп құлап жатыр. Әкімдікке жаздық. Тұрғындардың бәрі барып өтініш берді. Бірақта ешқандай көмек жоқ", - дейді Семей қаласының тұрғыны Салтанат Дүйсенова.
Ескі үй қысқа да дайын емес. Сегіз жыл бұрын жасалған жылу құбырларының тозығы жеткен. Тұрғындарың сөзінше, атқамінерлер үйді апатты деп тануға, не шірігенді жаңартуға асықпайтын көрінеді.
"Ешқандай жылу көргем жоқ. Бәрі ескі. тозып кеткен. Шіріп жатыр. Ана жолы шақыртқанда ешқандай құрылғысыз келді. Оның бәрін жасау үшін жаңа құрылғы керек деп кетіп қалды", , - дейді Айнұр Кәрімова.
Жауапты мамандар көмек сұрап келген жұрттың бірін көрмедік дейді. Сондай-ақ баспананың ескіруіне дер кезінде күтім жасамаған тұрғындардың өзін айыптады. Енді апатты деп тануға тексеріс жүргізу үшін үй қожайындары өтініш беруі қажет.
"Апатты деп тану үшін тұрғын үй инспекциясына Шугаева 48 мекенжайындағы үйдің тұрғындары келіп өтініш қалдыруы керек. Аталған өтініш негізінде мамандар үйге техникалық тексеріс жасауға тізімге қосады. Тексеріс мемлекет қаржысына жүзеге асады", - дейді Семей қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Айман Көлбаева.
Көпқабатты үйде пәтер иелері кооперативі құрылмаған. Соның салдарынан мамандар баспана ешқандай мемлекеттік бағдарламаға іліге алмағанын алға тартты. Сондықтан шіріген жылу құбырларында тұрғындар өз қалтасынан ауыстыруы керек.
Автор: Елжан Нұрболат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035557-semeide-85-zyl-buryn-salyngan-uidin-turgyndary-paterin-tastap-ketuge-mazbur-ekenin-aitty/