"Ертеңінде-ақ нық жүре бастады": Алматыда орыс отбасы ұлының тұсаукесерін жасады
Жарияланған күні:
Атыраулық Анна Маврешко қазақ дәстүріне сай баласының тұсауын кестіріп, елдің батасын алды. Орыс ұлтының өкілі тұсаукесер дәстүрінің мән-мағынасына қатты сенетін көрінеді. Айтуынша, ұлы Максим сол күннің ертеңінде-ақ қаз-қаз басып, жүріп кеткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Анна отбасымен Атыраудан Алматыға қыдырып келген. Сол арада ол қазақ отбасына келін болған туған сіңлісіне қолқа салып, баласының тұсауын кестірген.
"Бірнеше жыл бұрын сіңлім қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Сөйтіп қазақтың салт-дәстүрімен біртіндеп таныса бастадық. Оған дейін өте аз білетін едік. Үйлену тойынан соң қазақы әдет-ғұрыптың бәрі көз алдымызда болып жатты. Ал тұсаукесер - мен ең жақсы көретін салт. Өйткені ол тазалық, шынайылықтың белгісі, бұл әдет-ғұрыпта басты қатысушы - алдауды білмейтін, шынайы эмоцияларды басынан өткеретін балаларымыз", - дейді ол.
Аннаның кенжесі Максим 9,5 айлық кезінде жүруге талпыныпты.
"Осыған дейін құлай беретін, тұсауы кесілген соң, ертеңінде қадамын нық баса бастады. Максим қазір 11 айлық бүлдіршін", - дейді ол.
Сондықтан Анна тұсаукесерді ғажайып дәстүрге теңейді.
"Бұған дейін бірнеше рет балалардың тұсауы кесілген соң бірден жүріп кеткеніне куә болдым. Үлкен қыздарым да, жиендерім де солай жүре бастады. Сондықтан да бұл дәстүрге қатты сенемін. Бізге әлеуметтік желіде ер баланың тұсауын ер адам кеседі деп жазды. Бірақ біз оған лайық ер адам таппадық. Сол үшін тұсау кесу мәртебесі бізді қазақ дәстүрімен етене жақындастырған сіңліме бұйырды", - дейді Анна Маврешко.
Анна әлеуметтік желіде тұсаукесерден видео жариялап, елдің бата-тілегін алғанын айтады.
"Жақсы адамдардың қолдауын сезіндім, пікірлерде бата-тілектерді оқығанда көзіме жас үйірілді", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2035514-erteninde-aq-nyq-zure-bastady-almatyda-orys-otbasy-ulynyn-tusaukeserin-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.