"Кабинеттен бір уақытта шыққан": Көкшетауда оқушылар мектептің дәлізінде кептеліп қалды
Жарияланған күні:
Көкшетау қаласындағы № 1 мектеп-гимназиясының оқушылары сабақтан кейін тар дәлізде кептеліп қалды. Оқиға орнынан видео әлеуметтік желіде тарады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бұл жағдай барлық оқушы бір мезгілде оқу кабинеттерінен шыққанда болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Instagram-дағы kokshetaulive парақшасында жарияланған видеодан кептелісте тар дәлізде оқушылардың қысылып тұрғанын байқауға болады. Ал кей оқушылар жерде құлап жатыр.
"Қазнет оқу жылы басталғалы бері оқушылардың мектептерге сыймай жатқаны туралы видеоларға толып кетті. Мына кезекті көрініс - көкшетаулық №1 гимназияда болып жатыр. Бұл жолы оқушылардың кептелісте қысылып, бір жерін ауыртып алып жатқанын көруге болады", - деп жазады видео авторы.
Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде жарияланған видеодан кейін қызметтік тексеріс жүргізілген.
Ведомство мәліметінше, №1 мектеп-гимназиясы үш ауысымды білім беру ұйымдарының қатарына жатпайды.
"Мектепте екі ауысымда 2866 бала оқиды. Сабақтар штаттық режимде өтуде. Бұл факт сабақ аяқталғаннан кейін, мектеп дәлізіне барлық сынып оқу кабинеттерінен бір уақытта шыққан кезде орын алғаны анықталды.
Қазіргі уақытта мектеп әкімшілігі оқушылардың үзіліске шығу және сабақтан шығу кестесін реттеді", - дейді білім басқармасының өкілі.
Ал қажетті шараларды уақытылы қабылдамаған мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035828-kabinetten-bir-uaqytta-syqqan-koksetauda-oqusylar-mekteptin-dalizinde-keptelip-qaldy/