Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында көпқабатты үйдің төбесінен аққан жаңбыр суы бірінші қабатқа жетті (видео)

Опубликовано:

кіреберіс
Үйдің кіреберісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Ембі қаласындағы көп қабатты үйдің жағдайы сын көтермейді. Төбесінен жаңбыр суы сорғалаған үйде көпбалалы аналар, жетім балалар, мұғалімдер және медицина қызметкерлері тұрады. Кешегі нөсерден кейін тағы да су астында қалған тұрғындар жанайқайын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

2021 жылы бос қалған үйлер күрделі жөндеуден өтіп, пәтер кезегінде тұрған отбасыларға берілген болатын. Жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген тұрғын үйдің іші жаңбыр жауса суға толады.

"Баспанаға жолдасым жетім балалар санаты бойынша қол жеткізді. Үйдің жөндеу жұмыстары сапасыз. Жаңбыр жауса суға кетеміз. Қыста салқын. Кешегі жауған жаңбырдан кейін тағы да сарылдап аққан су бірінші қабатқа жетті. Үйіміз салтақ-салтақ боп тұр. Тоқтың бойына дейін су кетті, балалар үшін қорқамыз. Әкімдіктен бірнеше рет көмек сұрадық. Ешқандай жұмыстар жасалған жоқ. Бізге журналистердің көмегі керек, осы жағдайды жеткізулеріңізді сұраймыз", - деді Ембідегі №11 үйдің тұрғыны Ләйла Сариева.

Тұрғындар жергілікті әкімдікке баспананың қауіптілігін айтқанымен көмек қолын созған ешкім жоқ. Әзірге бәрі жоспар күйінде тұр.

"Ембі қаласы Момышұлы көшесіндегі №11 көп қабатты тұрғын үйді күрделі жөңдеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 2021 жылы жөндеу жұмыстары жасалды. 2021 жылы 1 қарашада аталған тұрғын үй кезек реттілігімен заңдылыққа сәйкес көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мұғалімдерге, медицина саласының қызметкерлеріне, құқық қорғау саласының мамандарына пайдалануға берілді. Тұрғын үйде орын алған ақауларды тексеру үшін комиссия құрылды. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме "ПК-Ерзат" ЖШС-не кепілдік мерзімге байланысты белгіленген уақыт ішінде кемшіліктерді жою бойынша нұсқама берілді", - деп хабарлады Мұғалжар ауданының әкімдігі.

Әкімдік тұрғын үйдегі кемшіліктерді бақылауда ұстайтынын жеткізді. Ал су сорғалаған үйдің нақты қай уақытта қалыпқа келтірілетіні айтылмады.

Сонымен қатар кешегі жаңбырдан кейін Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы көпқабатты үй де суға кетті. Достық ауданы №13 үйдің төбесі жаңбыр суынан тесіліп қалған. Жергілікті әкімдік мұнда терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін хабарлайды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035937-aqtobe-oblysynda-kopqabatty-uidin-tobesinen-aqqan-zanbyr-suy-birinsi-qabatqa-zetti-video/

pixel