Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеке өміріме қатысы бар": арбаға таңылған депутат қала құрылысындағы қателіктерге қынжылды

Опубликовано:

Шахан Жолдасбаев
Шахан Жолдасбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шахан Жолдасбаев елімізге табысты кәсіпкер, қоғам белсендісі, спорт шебері және Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты ретінде танымал. Ол арбада отырып-ақ осы жетістіктерге қол жеткізді. Түрлі чемпионаттардың жүлдегері атанған Шахан Жолдасбаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне алға қойған мақсат-жоспары, сонымен қатар өзі секілді мүгедектігі бар жандардың қалада жүріп-тұруындағы қолайсыздықтары туралы cұхбат берді.

Шахан қазан айының аяғында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX пара Азия ойындарына қатысуды мақсат етіп отыр. Сондықтан қазір уақытының көп бөлігін жаттығуға арнайды. Сондай-ақ Қазақстан параолимпиада құрамасының мүшелерімен Ыстықкөлде дайындық өткізбек.

"Қазір бірінші мақсат - дайындыққа күш салу. Босаңсуға болмайды. Бірінші рет қатысуым емес. 2018 жылы Индонезия астанасы Жакарта қаласында өткен Пара Азия ойындарына қатыстым. Ол жерде төртінші орын алдым. Мен үшін ол да үлкен жетістік болды. Қазір алдағы ойынға дайындық жүріп жатыр. Қазақстан параолимпиадалық ұлттық қүрамасы Ыстықкөлге барады. 1,5 ай дайындық болады. Барлық күш, көңілді спортқа бөліп отырмын. Кез келген спортшы ырымшыл. Болашақ жоспарын айта бермейді. Нәтиже болса қуанамыз. Әрине әр спортшы секілді Олимпиада ойындарына баруды армандаймын. Негізгі мақсат - келесі жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына лицензия алу", - дейді ол.

Шахан Жолдасбаев
Шахан Жолдасбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шахан 2007 жылы болған жол апатынан кейін мүгедектер арбасына таңылды. Ұзақ ем алғаннан кейін тағдырластарына қол ұшын созып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ғимараттарға кіретін пандус салу жұмыстарын қолға алған.

"Мен облыстық мәслихаттағы депутаттық, қоғамдық жұмыстарымда мұқтаж адамдарға кедергісіз орта жасауға басымдық беремін. Арбамен жүретін, көзі нашар көретіндер көшеге алаңсыз, қауіпсіз шыға алатындай орта жасауды армандаймын. Мүгедектік алғаннан кейін осы жұмыстарды қолға алдым. Себебі жеке өміріме тікелей қатысы бар. Мүмкіндікті шектемеу керек. Өзімдей адамдарға үнемі жұмыс істеңдер, спортпен айналысыңдар деп айтып отырамын", - дейді Шахан Жолдасбаев.

Оның сөзінше, елімізде басқа мемлекеттердегідей мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуі және жұмысқа орналасуына ерекше көңіл бөлінеді. “Кедергісіз ортаның” болу маңыздылығы, мүгедектігі бар адамдардың қозғалысын жеңілдетуге арналған пандус пен ыңғайлы тротуар, стандартқа сай кең есік, басқа да қолайлы жағдайдың болуына басымдық беріледі. Бірақ мүгедектігі бар азаматтардың мемлекеттік мекемелерде болу, көшеде еркін жүруіне әлі де кедергілер жойылған жоқ.

Шахан Жолдасбаев
Шахан Жолдасбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Кедергісіз орта әлі толық емес. Рас, бұрынғыға қарағанда, әсіресе, мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандардың кіреберістері жасалды. Сыртта тоңып тұрмаймыз. Бірақ жұмыс мұнымен аяқталмайды. Мәселен біздегі қалалық әкімдікте сыртқы пандустар орнатылғанмен ішінде еркін жүре алмаймыз. Қоғамдық жиналыстарға барғанымызда екінші қабатқа мені қолмен көтеріп шығарады. Құлаған жағдайлар да болды. Осындай қиындықтар көп жерде кездеседі. Тағы бір өкініштісі, Ақтөбеде құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа аудандар бұрынғы қателіктермен салынып жатыр. Осы жаныма батады. Мәселен, Батыс-2 ауданында пандусы жоқ жерлер көп, бордюрлерден өте алмайсың. Көшеде жүру қиын. Жүргіншілер жолағымен өткенде бордюрдің бір жағы түсуге қолайлы болғанымен екінші жағындағы бордюрге міне алмай қаламыз. Сол жерде адам болса көмектеседі. Жалғыз болсаң көліктің жолымен жүруге мәжбүр боласың. 5-6 жыл бұрын Алматыда бір оқиға болды. Жол жиегінде арбамен кетіп бара жатқан бір адамды қағып кетті. Көп адамдар "ол арбамен түнде не істеп жүр?", "жолға неге шығады?" деген пікірлер жазды. Біз де адамбыз. Түрлі жағдайға байланысты біздің де түнде жүретін кездеріміз болады. Жолмен жүру себебіміз - жолдың екінші бетіне өткенде бордюрға шыға алмай қаламыз. Мұндай қиындықтар әлі де бар. Салынып жатқан жаңа мөлтек аудандарда сол қателік көп", - деп қынжылды.

Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Шахан әлеуметтік желідегі парақшасына ұялы телефонын жазып, тұрғындармен ашық байланыс жасайтынын да айтты.

"Біз бақылау жұмысын үнемі жүргіземіз. Қаладағы кедергілерді көрсетіп, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығымен жұмыс істеп отырмыз. Уәде берілгенімен әлі күнге жасалмаған жұмыс көп. Парақшама жеке нөмірімді жазып қойдым. Кездесетін қиындықтар көп жазады. Бірақ мәселенің тез шешілуі кейде қиындық туғызады. Шетелге барған сайын қызығамын. Берлин қаласына барғанда қаланың ортасында арбамның бір жері сынып қалды. Google арқылы қала шетіндегі жөндеу орталығына автобусқа, метроға мініп, өзім еркін барып келдім. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Қаланың шеті түгілі ішінде жүру қиын. Бордюр бар, кей автобусқа міне алмайсың, ғимаратқа барғаныңмен әжетханаға кіре алмайсың. Жүретін жол іздеп, көшенің екінші басын іздеп кетесің. Қазір салынып жатқан жаңа ғимараттардың тағы да осы қателіктерді қайталап жатқаны өкінішті. Батыс ауданындағы үйлерді қарасаң, екінші Шанхай өсіп жатыр. Ескі қателіктер. Бірінші қабаттан ашылған дүкендерде пандус жоқ. Олар қанша тырысса да пандус салатын жері жоқ", - деп ренішін жеткізді ол.

Шахан - егіз ұлдардың әкесі. Биыл балалары мектеп табалдырығын аттаған.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035992-zeke-omirime-tikelei-qatysy-bar-arbaga-tanylgan-deputat-qala-qurylysyndagy-qatelikterge-qynzylys-bildirdi/

pixel