"Банктер оңды-солды несие мақұлдады": экономист Мақсат Халық қарызға батқан халықты құтқару жолын айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы биылғы жолдауында банктердің тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айтып, осы жағдай қазақстандықтардың шектен тыс қарызға батуына себеп болғанын сөз еткен еді. Осы ретте белгілі экономист Мақсат Халық Қазақстандағы қайтарылмаған несиелердің көбею себебі, қымбат кредиттер және халықтың қаржы бойынша сауатын ашуға қатысты өз ойын ортаға салды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда қайтарылмаған несиелер саны жыл сайын өсіп келе жатыр. Экономистің пайымдауынша, банктер соңғы жылдары несие беруде белсенді болды.
"Банктер жеке тұлғаларға оңды-солды несие мақұлдады. Елдің қарызға шырмалуының тағы бір себебі - несие пайызының жоғары болуы. Елімізде кредиттің жылдық тиімді пайыз мөлшерлемесі қазіргі уақытты 56 пайыз болып тұр. Бұл - өте жоғары. Бұл азаматтарға үлкен ауыртпашылық екенін көп жерде айтып жүрмін. Менің ұсынысым - ең жоғарғы шегі 30 пайыз болсын. Өйткені бізде базалық пайыз мөлшерлемесі - 16,5 пайыз, 16,5 пайызбен 30 пайыз арасында банктер өздеріне керек табысын таба алады. Сондай көлемде табу керек деп те есептеймін", - дейді Мақсат Халық.
Осы орайда сарапшы қарыздың шырмауынан шыға алмай жүрген халыққа мемлекет тарапынан көмектесу жүйелі түрде іске асуға тиіс деп есептейді.
"Халықтың қаржылық сауатын аттыруға барынша күш салу қажет. Әрине, ол кешенді, үлкен сипатта болуы керек, мемлекеттік бағдарлама ретінде және мектепте 3-4 сыныпта "Қаржылық әліппе", кейін 6-7 сыныптарға "Экономикаға кіріспе" деген пән, 9-10 сыныптарда "Іскерлік негіздері" секілді кәсіпкерлікке баулитын пән жүрсе, меніңше, балаларымызды болашаққа сауатты етіп дайындай аламыз. Университет қабырғасында да арнайы пәннің болуы маңызды. Одан кейін мемлекеттік телеарналарда қаржылық сауатты арттыру бағдарламалары болса, одан бөлек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтын меніңше жаңарту керек, түрлендіру керек. Өйткені бізде "акция, облигация сатып аласыздар" деп халықты алдап жатқандар бар. Алаяқтарға ұрынбау үшін мемлекет орталықтандырған түрде қаржылық сауатты қолға алуы керек. Осы бір ресурстың маңызды екенін көрсету керек. Сол жерге бүкіл керекті акпарат, қаржылық алаяқтардан сақтану, депозиттерді басқару, жинақтарды басқару, оны көбейту, инвестициялау және тиімді несие алу жолдары деген сияқты нақты-нақты мәліметтер жүктелсе құба-құп. Осы арқылы біз елімізді белгілі бір дәрежеде қаржылай сауатты болуға баули аламыз", - деген ойын жеткізді экономист.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында кәсіпкерлікке берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айтқан болатын. Президенттің сөзінше, осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды.
"Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды", - деген болатын президент жолдауда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036121-bankter-ondy-soldy-nesie-maquldady-ekonomist-maqsat-xalyq-qaryzga-batqan-xalyqty-qutqaru-zolyn-aitty/