Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында тек 22 бала баратын мектепте әр түрлі жастағы оқушылар бір сыныпта білім алуда

Жарияланған күні:

Кітапқа қарап отырған мектеп оқушылары
Кітапқа қарап отырған мектеп оқушылары. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қопа ауылының тұрғыны мектептегі білім сапасына шағымданды. Айтуынша, Ақтан жырау мектебіндегі 1 сынып оқушысы үлкен сыныптың балаларымен бір кабинетте оқуға мәжбүр. 5-8 сынып оқушылары дәл осындай жағдайда білім алуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Әжетханаға камера қойған: Атырауда мектеп басшысы өз әрекетін түсіндірді

Төрт сыныптың әр түрлі жастағы оқушылары орыс тілі, ағылшын тілі, тарих сабақтарын бірге оқиды.

"Қопа ауылындағы Ақтан жырау негізгі мектебінде 1-4 сынып, 5-8 сынып оқушылары бірігіп оқиды. Қазіргідей дамыған заманда ауыл мектебіндегі 5-8 сынып оқушылары орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бір кабинетте оқып жатыр. Балаларға жаным ашиды. Ол жерде қандай білім бар?!", - дейді аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған ауыл тұрғыны.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Нұргүл Бертілеуова аталған жағдайды растап отыр.

"Бұл - шағын жинақты мектеп. Онда бала саны өте аз. Қазір 22 бала оқиды. Ол негізгі мектеп болғандықтан, бала саны 41-ден жоғары болуы керек. Мектепте бала аз болса да, ұстап отырмыз. Бюджеттен қаржыландырылады. Бұл қолданыстағы заңнамаға қайшы емес. 1-4 сынып, 5-8 сынып және 9-сынып бар. Яғни барлығы үш сыныпқа бірігіп оқиды. 5-8 сынып аралығында бар болғаны 6 бала оқиды. Сол 6 бала бір сыныпқа біріктірілген. Ал сыныпта 25 баладан жоғары болуы керек. Сондықтан да пәндер біріктіріліп оқытылады", - дейді Нұргүл Бертілеуова.

Білім басқармасы өкілінің хабарлауынша, Ақтөбеде осындай 204 мектеп бар. Онда 14 мыңға жуық бала оқиды. Кейбір мектептерде бар-жоғы бес оқушы ғана бар көрінеді.

"Бізде бір мектептегі балалар саны бесеуден басталатын мектептер бар. Мектеп болмаса ауылды ұстап тұру мүмкін емес. Сондықтан 5 бала болсын, 10 бала болсын мектепті жаппай отырмыз. Ақтөбенің барлық ауданында дерлік 5-ақ бала оқитын мектептер бар. Бала саны аз, сабақтар кіріктірілген. Ондай мектептерде сағат саны аз. Мұғалім де бара бермейді. Бір адам бірнеше пәнді қатар береді. Солай оқытылады", - дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036377-aqtobe-oblysynda-22-bala-gana-baratyn-mektepte-zasy-arturli-oqusylar-bir-synypta-oquda/