Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақшасын 4 жылдан бері алмаған": Шымкентте жерінен айырылған кәсіпкер жолды жауып тастады

Опубликовано:

Жолға тас төгіп жатқан ауыр жүк көлігі
Жолға тас төгіп жатқан ауыр жүк көлігі. Видеодан кадр: ktk.kz

Шымкентте кәсіпкер әкімдіктің қолдануына берген жер учаскесі үшін төлемін ала алмай, жолды жауып тастауға бел буған. Салдарынан қалада үлкен кептеліс туындаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Шымкентте Әл-Фараби ауданының әкімдігі жергілікті кәсіпкердің жеке меншігіндегі жер учаскесін сатып алып, тиісті төлемін өтемеген. Сондықтан ол жолды жауып тастады. Салдарынан қалада көлік кептелісі туындаған.

Кептелістің салдарынан автобустар мен жедел жәрдем де өте алмай, балама жолды іздеуге тура келген.

Телеарнаның мәліметінше, шенеуніктер қалаға премьер-министр келе жатқанын айтып, шұғыл түрде тас жол төсеу мақсатында кәсіпкердің ауыл шаруашылығына арналған жер учаскесін сатып алып, әкімдіктің балансына өткізген.

Лауазымды тұлғалар жеке кәсіпкердің жер учаскесін сатып алу үшін үш айдың ішінде құжатын рәсімдеп, төлемін өтеуге уәде берген. Алайда кәсіпкер тиісті төлемін алмағанына 4 жыл өтті.

Телеарнаның ақпаратынша, жеке кәсіпкердің учаскесінің ұзындығы 750 метр. Оған сатып алынған жер үшін төлем берілмегеніне қарамастан, кәсіпкер әлі күнге дейін жер салығын төлеуде.

"Сіздің жеріңізден осы жолдың бойына біз асфальт-жол салайық, рұқсат беріңіздер біз барлық заңды тиісті құжаттарыңызды рәсімдеп береміз, өтемақы төленеді, айырып алу болып саналады деп уәдесін берді.

Біз ол аудан әкімдігінің сөзіне сенгендіктен, рұқсатымызды бердік. Жер өзіміздікі, құқымыз бар, асфальттің бәрін қопарып тастаймыз, сөйтіп өзімізге, кәсібімізге, мақсатымызға пайдаланамыз, бұл амалдың жоқтығынан қабылданған шара", - дейді кәсіпкер Бақытжан Ошақбаев.

Аудан әкімдігінде бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомствода кәсіпкерге жер учаскесі үшін тиісті төлемін үш айда беретінін хабарлағанымен, неліктен төрт жылдың ішінде шымкенттік әлі төлемін алмағанына жауап бере алмады.

"Қазір есеп айырысу процесі жүріп жатыр. Көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы құжаттарды рәсімдеп жатыр. Құжаттар дайын болған соң, осы аптада оны жер қатынастары басқармасына жібереміз. Олар сараптама жүргізуі керек, содан кейін тиісті төлемін заңды түрде өтейміз", - деді Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев.

Жауаптылар жолды тазарту үшін оқиға орнына арнайы техника шақырылғанын атап өтті. Бірақ кәсіпкер күтуден шаршағанын айтып, мәселе шешілмесе, жолды бұзуға уәде берді.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036205-4-zyl-boiy-tolemegen-symkentte-zerinen-airylgan-kasipker-zoldy-zauyp-tastady/

pixel