Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында өгей ата-ана қолында тәрбиеленіп жатқан балалар құқығы қалай қорғалуда

Опубликовано:

әке мен бала
Әке мен бала. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе облысында 2561 бала өгей әке немесе ананың қолында тәрбиеленуде. Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция инспекторының сөзінше, өңірдегі жасөспірімдер қауіпсіздігі, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық жіті бақыланады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бас прокуратура өткен аптада ведомствоаралық кеңес ұйымдастырып, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу саласында қолайсыз отбасылар бақыланатынын хабарлаған болатын. Құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа жоба "Е-превенция" деп аталады. Әзірге жоба тек Астанада және Ақтөбе обылысында жүзеге асырылады.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Нұржан Мукумовтың айтуынша, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, болдырмау басты назарда.

полиция инспекторы
Нұржан Мукумов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Оның сөзінше, облыс бойынша өгей ата-анасымен бірге тұратын 2561 кәмелетке толмаған бала 2412 отбасында тәрбиеленіп жатыр. Сонымен бірге 67 кәмелетке толмаған жасөспірім патронат отбасында тәрбиеленуде. Осы санаттағы балалардың құқығын қорғау мақсатында полиция инспекторлары білім бақармасымен бірге бақылау жүргізеді.

"Биыл өгей әке-анаға шағым болмады. Былтыр тіркеліп, дәлелденбеді. "Өгей әке" деп бәрін зорлық-зомбылыққа бейім деп айта алмаймыз. Оның ішінде мемлекеттік қызметкер де бар. Өмір әртүрлі. Дұрыс отбасылар да, қолайсыз отбасылар да кездеседі. Есепке алған күннен бастап қадағалаймыз. Адамдар да жасырмайды. Өгей анадан, өгей әке көп", - дейді полиция инспекторы Нұржан Мукумов.

Полицейлер есепке алынған отбасыларын тексеру жұмыстары кешкі уақытта жүретінін айтады. Оған мұғалімдер, әр оқу орнының қызметкерлері және психологтар тартылады.

Инспектордың сөзінше, жасөспірімдер арасында қылмыстың, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша облыста "Отбасы", "Қолайсыз терезе", "Түнгі қаладағы балалар", "Жасөспірім", "Каникул" атты шаралар өткен.

"Апта сайын, демалыс күндері рейд өтеді. Биыл сегіз айда 4300-ден астам кәмелетке толмаған бала полиция бөлімдеріне жеткізілді. Оның 3900-і әкімшілік құқықбұзушылық жасаған, 125 бала түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде ата-анасыз жүрген. Оларды кіргізген ойын-сауық мекемелері, жеке кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың кейбірі жұмыс істеген. Сонымен қатар бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 179 ата-ана жауапқа тартылды. 98 бала "Аяла" орталығына орналастырылды. Оның 38-і ата-ана қарауынсыз қалғандар, 59-ы түнгі уақытта көшеде жүрген", - дейді инспектор.

Биыл 485 кәмелетке толмаған, балалар тәрбиесімен айналыспағаны үшін 365 қолайсыз отбасы есепке алынған.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036269-aqtobe-oblysynda-ogei-ata-ana-qolynda-tarbielenip-zatqan-balalar-quqygy-qalai-qorgaluda/

pixel