Алматыдағы аялдамада жолаушылар кептелісі неден туындағаны белгілі болды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыда Момышұлы мен Әуезов көшесінің қиылысында орналасқан аялдамада болған адамдар кептелісі №55 және №49 бағыты бойынша жүретін жолаушылардың көптігіне байланысты болған. Бұл туралы Алматы қаласы мобильділік басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бүгін, 12 қыркүйек күні Алматыда Бауыржан Момышұлы көшесі мен Абай даңғылындағы Әуезов көшесінің қиылысында орналасқан аялдамада адамдар кептелісі туындаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода үлкен кептелісті тудырған адамдар кешкі уақытта қоғамдық көлікті күтіп тұрғанын көруге болады.
Алматы қаласы мобильділік басқармасында жолаушылар ағынын тексеріп, тиісті шаралар қабылдау үшін проблемалық учаскелер анықталатынын айтқан болатын.
Басқарма баспасөз қызметінің мәліметінше, кейін жолаушылар екі автобус бағыты бойынша көбірек шоғырланатыны анықталған.
"Бұл учаскеде қоғамдық көліктер №55, №49, №142, №78 және №110 бағыты бойынша жұмыс істейді. Ең көп кептеліс №55 және №49 бағытта тіркелген.
Алдын ала жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, жолаушылар тасымалы бойынша қалалық мобильділік басқармасы жеткізушілермен бірлесіп, осы бағыттарда адам көп шоғырланатын уақытта көлік қатынасын күшейту туралы шұғыл түрде шешім қабылдады", – делінген хабарламада.
Басқарманың дерегінше, 12 қыркүйектен бастап №55 бағыттағы автобустардың саны алты бірлікке артады.
"Бұл бағыттағы 18 автобус қозғалысының уақыт аралығы 11 минуттан 7 минутқа дейін қысқарады деп күтіледі. Адам көп шоғырланған уақытта №49 бағыты бойынша 8 автобустың орнына 12 автобус жүреді.
Осылайша (жолаушылардың – ред.) күту уақыты 13 минуттан 7-8 минутқа дейін қысқарады деген болжам бар", – деп жазады Алматы қаласы мобильділік басқармасының баспасөз қызметінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036346-almatydagy-ayaldamada-nenin-saldarynan-zolausylar-keptelisi-tuyndagany-belgili-boldy/