Қайрат Боранбаевқа прокурор неліктен 6 жыл жаза сұрады: қадағалау органы себебін түсіндірді
Жарияланған күні:
Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мәлімдеме жасады. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.
Қадағалау органының мәліметінше, Қайрат Боранбаевпен және басқа сотталушылармен "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп (Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі), оларды заңдастыруға (Қылмыстық кодекстің 218-бабының 3-бөлігі) қатысты ісі бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасалған.
"Заң бойынша мұндай келісімді жасаудың міндетті шарттарына сотталушылардың ерікті түрде ерік білдіруі, олардың тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындауы және жәбірленушінің келісімі кіреді.
Сотталушылар кінәларын толық мойындауын және 14,5 млрд теңгенің залалын өтегенін ескеріп, жәбірленуші тараптардың келісімімен қала прокуратурасы процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады.
Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан Қ. Боранбаев пен Р. Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Т. Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті", - делінген хабарламада.
Елордалық прокуратураның атап өтуінше, мұндай жаза мөлшері Қылмыстық кодекстің 55-бабы 3-бөлігінің талаптарына сүйеніп айқындалды, оған сәйкес іс жүргізу келісімі жасалған жағдайда жазаның мерзімі мен мөлшері Қылмыстық кодекстің ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген жоғары мерзімінің жартысынан аспауға тиіс.
"Қылмыстық кодекстің 189 және 218-баптары бойынша ең жоғары жаза 12 жылдан аспайтынын ескере отырып, сотталушыларға тиісінше 6 және 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын (ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайтын) тағайындау ұсынылды. Процестік келісім қарау және оны бекіту туралы шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", - деп түсіндірді қадағалау органы.
Сондай-ақ ведомство осы жылдың 22 тамызында апелляциялық сатыдағы сотта істі қарау барысында сотталушылар кінәсін мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат бергенін еске салды.
Айта кетейік, бүгін Астана қаласында өтіп жатқан сотта прокурор Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановты 6 жылға, ал Тайыр Жанұзақты 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036730-prokuror-qairat-boranbaevqa-nelikten-6-zyl-zaza-surady-qadagalau-organy-sebebin-tusindirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.