Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жоспарланған лаңкестік: ҰҚК қызметкерлері жасырын операция жүргізген

Жарияланған күні:

Түркістан
Түркістан қаласы. Көрнекі фото: turantv.kz

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне лаңкестік дайындады деп айыпталған 2001 жылы туған Тәжікстан азаматына қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкіміне сілтеме жасап.

Аталған іс Қылмыстық кодекстің 24-бабы 1-бөлігі, 255-бабы 4-бөлігі және 256-бабы 1-бөлігі (Терроризм актісін жасауға оқталу және экстремизмді насихаттау) қаралған.

Тергеу барысында анықталғандай, Тәжікстанның азаматы экстремистік діни ағымдарға бет бұрып, көптеген құрбанға әкелетін лаңкестік әрекет жасамақ болған.

Ол өзінің шабуыл нысаны ретінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін таңдап, 2023 жылдың ақпан айында Түркістанға келіп, қонақүйлердің біріне орналасады.

Бұл жерде ол мессенджер мен әлеуметтік желіде жасырын аккаунтпен тиісті хабарламаларды таратып, сыбайластарын іздей бастаған.

Кейін айыпталушы пікірлес адамдарды тапқан – екі ағасы мен бойжеткен. Көп ұзамай олар көзбе-көз кездесіп, діни тақырыпта әңгімелесіп, кесенеге барған.

Шетелдік азамат мұнда намаз оқитын барлық келуші кәпір екенін және оларды жою керектігін айтқан.

Содан соң ол жаңа таныстарымен бірге құрылымын толығырақ зерттеу үшін кесенеге тағы бірнеше рет барған, ол жарылғыш затты интернеттегі нұсқаулық бойынша өз қолымен жасауды жоспарлаған.

Айыпталушы төрт жарылғыш дайындап, оларды кесененің төрт бұрышына қойып, көп адам жиналған кезде жарып жібермек болған.

Ол ойлағанын жүзеге асыра алмады. Бойжеткен мен оның "ағалары" жасырын жұмыс істеген ҰҚК қызметкерлері болып шыққан. Олар теріс ағымға бет бұрған азаматтың террористік жоспарын толығымен әшкерелеген. Сот санкциясы бойынша жігіт ұсталып, қамауға алынды.

Сот отырысында айыпталушы Түркістанға киелі жерлерді тағзым ету үшін келгенін алға тартты. Бірақ бұл жерде ол бір бойжеткенді кездестіріп, ғашық болғанын және оған үйленгісі келгенін, бірақ оның "ағалары" оны теракт жасауға мәжбүрлегенін мәлімдеген.

Сот айыпталушының сөзін есепке алмаған, себебі айыпталушының қылмыстық ниеті мен лаңкестік әрекетке дайындығы жиналған тергеу материалдарымен толық дәлелденген.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен шетелдік азамат бірнеше бап бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын қауіпсіздігі орташа режимдегі колонияда өтейді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің 40-шы отырысының ашылуында ҰҚК төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев қауіпсіздік күштері дайындалып жатқан екі лаңкестік шабуылдың алдын алғанын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037234-qoza-axmet-yassaui-kesenesindegi-lankestik-areketi-uqk-qyzmetkerleri-zasyryn-operaciya-zurgizgen/