Жетісу облысында жоғалып кеткен екі жасөспірім Шымкенттен табылды
Жарияланған күні:
Жетісу өңірінің полицейлері үйінен қашып кеткен екі жасөспірімді тапты. Кәмелетке толмағандар соңғы екі аптада Шымкентте жасырынып жүргені белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Үштөбелік 15 жастағы қыз бен 16 жастағы бозбаланың жоғалып кеткені туралы арыз Қаратал аудандық полициясына 6 қыркүйекте келіп түскен.
Кәмелетке толмағандарды іздестіру жұмыстарын олардың туыстары, сондай-ақ полиция қызметкерлері жүргізіп, іздеуге мектептің педагогикалық ұжымы мен еріктілер тартылды.
Тәртіп сақшылары еліміздің бірнеше өңірінде ұйымдастырылған іздестіру шараларына еріктілердің айтарлықтай көмек көрсеткенін атап өтті. Нәтижесінде екі жасөспірім Шымкенттен табылды, болжам бойынша онда олар ақша тауып жүрген.
"Кеше, 19 қыркүйекте із-түзсіз жоғалғандардың қайда екені анықталды. Екі мектеп оқушысы да Шымкентте екені белгілі болды. Полиция кәмелетке толмағандарды Үштөбеге апарып, ата-анасына тапсырды. Екі жасөспірім де тірі, ешқандай зардап шекпеген", - деді Жетісу облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қайрат Жұрынов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жетісу облысы Қаратал ауданында полицейлер жоғалған екі ер бала мен бір қызды іздестіріп жатқаны хабарланған болатын.
Кейінірек, жасөспірімдердің бірі Алматы қаласынан табылған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037379-zetisu-oblysynda-zogalyp-ketken-eki-zasospirim-symkentten-tabyldy/