"Дәрігер мен санитарканы ұрған": Шымкентте ақ халаттыларға шабуыл жасалды
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде дәрігерлермен болған оқиғаның тағы бір видеосы пайда болды. Бұл жолы жағдай Шымкентте болған. Бұған қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Міне, тағы да, ендігісі Шымкентте. Ауруханада науқастың санитарка мен дәрігерді ұрып-соққаны туралы видео келіп түсті. Қыздарды жедел жәрдем қызметкерлері аман алып қалды", - делінген видеоның сипаттамасында.
Кадрларда ер дәрігерлердің науқасты тыныштандыруға тырысқаны көрінеді.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы 20 қыркүйек күні сағат 19.50-де 1995 жылы туған ер адамның жедел жәрдем көлігімен гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілгенін түсіндірді.
"Туыстарының айтуынша, науқас улы сұйықтық ішкен. Дәрігерлерге қаралды. Психикалық қозу жағдайына байланысты, тыныштандыру және емдеу шараларын жүргізу мақсатында жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда науқас медициналық көмекке қарсылық танытып, медицина қызметкерлеріне физикалық күш қолданған. Оқиғаға байланысты 102 қызметіне ақпарат берілді", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Талғар орталық аудандық ауруханасында дәрігер мен мейіргердің соққыға жығылуы қоғамда наразылық тудырған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037687-dariger-men-sanitariyalyq-qyzmetkerdi-urgan-symkentte-aq-xalattylarga-sabuyl-zasaldy/