Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Батыс Қазақстан жастары бастаңғыда бас қосты

Опубликовано:

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

БҚО-да ауыл жастарының бастамасымен бастаңғы ұйымдастыру - дәстүрге айналуда. Ауыл жастардың басын қосқан бастаңғы осы жолы облыстың Бәйтерек ауданында өтті.

Бұған дейін көне салт-дәстүрді жаңғырту мақсатындағы атаулы шара Ақжайық ауданында ұйымдастырылып, өзге аудан жастары да қолдап, ірі бастамаға айналған болатын. Шаған өзенінің жағасына киіз үйлер тігіліп, алаңқайдың қоршауына найза шаншылды. Аталмыш шараға 22 ауылдан 100-ден аса жастар қатысты.

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алдымен аруақтар рухына Құран бағышталып, қой бауыздалды. Жастар ол жерде қой союдың қыр-сырына қанығып, тәжірибе алмасты. Қыздар жағы құрт қайнатып, бауырсақ пісірді. Ұлттық ойын Жамбы атудан жарысқан жастар аударыспақта білек күшін байқасты. Өнерлі өрендер күй тартыс жасап, дәстүрлі әнмен бастаңғының бәсін асырды. Алтыбақан теуіп, шежіре тарқатқан әңгіме көрігі қызды.

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Іс-шарада түрлі салт-дәстүр туралы кеңірек мағлұматтар беріліп, арнайы көрініс қойылды. Соның ішінде театрландырылған қойылымда ауылға салт атпен келген сал-серілерді құрметпен қарсы алған жастар "Деңгене", "Сірге жияр", "Қап қағар", "Қазан шегелеу", "Біз шаншар" сынды салт-дәстүрлерін дәріптеді. Әр киіз үйде ауданның спорт, кітапхана, туризм, шырғамашылық орталығы, мәдениет және өнер саласында жүрген жастар жетістіктерімен бөлісіп, көрме ұсынды.

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Әдемі кешті тамашалағандардың қатарында аудан әкімі М.Тоғжанов, облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы Мереке Құлкенов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, облыстық "Орал өңірі" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылары одағы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық қоғамдық даму басқармасының жастар бөлімінің басшысы Мирфат Бисекенов бар.

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Меймандарға жайылған дастархан басында "Табақ тарту" рәсімі жасалды. Күмбір күй төгіліп, әсем ән шалқыған думанда аудан жастары өзара қағытпа қалжың, әдемі әзілдерімен сауық кешін түйіндеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037823-batys-qazaqstanda-nauryz-auylynyn-zastary-bastangyda-bas-qosty/

pixel