Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталған Арыстанбек Мұхамедиұлы судьяны Гераклмен салыстырды

Опубликовано:

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы сот отырысынан. Фото: NUR.KZ

Астанада рейдерлік шабуыл жасады деген айып тағылған Арыстанбек Мұхамедиұлының соты өтіп жатыр. Арыстанбек Мұхамедиұлы сот отырысында айыптау актісімен келіспеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айыптаушы тараптың айтуынша, "Дипломат" қонақүйінің қожайыны К. есімді азамат еліміздің Ұлттық музейінің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлынан көмек сұраған, нәтижесінде бұрынғы Мәдениет және спорт министрі оған 2,5 млрд теңге беруге келіскен. Прокурордың сөзіне сенсек, Мұхамедиұлы бұл қаражатты бергенінің есесіне 71 пайыздық үлесті енесінің атына рәсімдеуді сұраған. Артынша ол үлестің қалған пайызын беруді сұрайды, бірақ бұған отель иесі келіспейді, нәтижесінде қызметкерлерге кәсіпкерді қонақүйге кіргізбеу туралы бұйрық беріледі.

"Сіз антика батыры Геракл сияқтысыз"

Мұхамедиұлы айыптау актісімен келіспейтінін айтты.

"Бұл сот адами азғындық ретінде тарихта қалады, тіпті заңға қайшы әрекеттері бар шайтандық азғындық ретінде десе болады... Біз Рим империясының тарихында сатқындық пен арамдықдың символы ретінде көрсетілетін Марк Бруттың әрекетін жақсы білеміз. Бір топ қастандық жасаушы сенаторлар әділ емес жекпе-жекте қулықпен Рим империясының тарихын жасаған адам Гай Юлий Цезарьға пышақ сұғады, дәл осы Цезарь Марк Брутқа көмектесіп келген болатын", - деді Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, К. есімді азамат "қаржылық күйреу кезінде қаржылық мүмкіндіктері мен іскерлік байланыстары бар адамдарды жылдар бойы әзірленген қылмыстық схемаға тартып, өз мәселелерін сәтті шешіп алғасын, құқық қорғау органдарына заңға қайшы әдістермен жүгіне отырып, адамдарды түрмеге отырғызады, бизнесті тартып алады және бұл 2020 жылдан бергі осындай үшінші жағдай".

Мұхамедиұлы өз уәждерін дәлел ретінде келтіре отырып, судьяны Гераклға теңеді.

"Авгий патшаның қорасын тезектен тазартқан антика батыры Геракл сияқты сіз де осы сот ісін арамдық пен өтіріктен тазартатыныңызға сенімдімін", - деді бұрынғы министр.

Жәбірленушінің сөздері

Сот отырысында жәбірленуші де сөз сөйледі. Ол Мұхамедиұлымен өз мәселелерін бөлісіп келгенін атап өтті. Сол кезде Мұхамедиұлы көмектесуге дайын екеніне сендірді, дейді К.

"Мұхамедиұлы бизнеспен айналысуға мүмкіндігі бар екеніне, маған сенетініне және көмектесуге дайын екеніне, 50 және 100 миллион доллардың ол үшін проблема емес екеніне сендірді және оның жоғары ортада үлкен байланыстары бар екенін көрсетті. Үлес бөлінгеннен кейін Мұхамедиұлы тырнақ астынан кір іздей бастады.

Ол қалағанынша ауыс-түйіс жасады, жиналыстар өткізді, жүйке жұқартарлық жағдай қалыптасты. Қонақ үйде төбелес пен тартыс әдеттегі жағдайға айналды. Олар мені бәрін қараусыз қалдырды деп айыптап отыр. Қонақ үйді басқарудан аластатылған болсам, басқару ісіне қалай араласа аламын? Бәрін, тіпті менімен амандасқан адамдарды да жалақысын төлемей қуып жіберді.

Қонақ үй қарызға белшесінен батқанына, шу болған қарыздарға келер болсақ. 35 миллион теңгеге жуық қарыз болды, бірақ коммуналдық қызметтерді өшіріп тастауы мүмкін болғандықтан, бұл қарыздарды төлеу мерзімін ұзарттым. Бұл қарыздар жабылған жоқ, кейін оларды өзіміз жаптық", - дейді К.

Оның айтуынша, қонақ үйдің қарызы 90 миллион теңгеге дейін өскен. Ол 2020 жылы пандемия кезінде дәрігерлерге қайырымдылық ретінде отельде тұру мүмкіндігі ұсынылып, тамақ пен ішімдік әкелінгенін, бірақ азық-түлік бір-екі аптадан кейін таусылғанын алға тартты. К.-ның пікірінше азық-түлік бір немесе бір жарым айға жетуі керек болатын, алайда оны Мұхамедиұлы тауысып қойған. К.-ның сөзіне сенсек, аспазшы оған Мұхамедиұлының пандемия кезінде қонақ үйде банкет өткізіп жүргенін, соның салдарынан тамақ таусылғанын айтып шағымданған.

К. қаржылық құжаттар мен мөрлерді тапсырғанын да атап өтті. Ол қонақ үйді өзі басқаруы керек болатын, ал Мұхамедиұлы адам тағайындап, үлестен дивиденд алуы керек еді.

"Егер біз осылай жұмыс істесек, ешқандай проблема болмас еді. 2020 жылдың қазан айында мен 2,7 миллиард қайтаруға дайын екенімді айттым, өйткені мен бір гәп барын сездім. Мен мұны айтқан кезде маған шығындар туралы хат берілді. Түсініксіз сандар, менің келісімімсіз. Кейінірек қатаң талаптар болды. Олар: "Үлесіңді бер, аман-есен тұрғаныңда осы жерден кет, әйтпесе Қазақстанда сенімен ешкім амандаспайтындай етеміз", – деді.

Ара-тұра ақпарат құралдарында мен туралы шындыққа жанаспайтын мақалалар шығып жатты. Ол "Мен оны кез келген БАҚ-та тарата аламын" деді. Ол бұл сөздерді әр кездесуде қайталап отырды. Елбасының атына менің қоғамға өте қауіпті адам екенімді, мені қоғамнан қорғау керектігін айтып шағымданды. Кейін ол: "Біз бұл шағымды бостандықта жүргеніңде жазып отырмыз, қол қой, содан соң боссың", - деді.

2020 жылы ол СПА менеджерін ауыстыруды сұрады, СПА жақсы жұмыс істеп тұрды, бірақ ол өзінің таныс қызын жұмысқа қабылдауға шешім қабылдады. Мен келістім, содан кейін ол СПА-ны қайтарып алуымды өтінді, өйткені СПА тоқырап қалды, коммуналдық төлемдер мен жалақы бойынша үлкен қарыздар пайда болды", - дейді жәбірленуші.

К. ескі қызметкерлерді әкеліп, түскен қаражат есебінен СПА-ны қалпына келтіруді сұрағанын, осылайша жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қарыздар төленгенін айтуда.

"Осы кезде Мұхамедиұлы күзетпен келіп, СПА-ға келушілерді қуып шығып, есікті жауып тастайды. Сосын журналистерді шақырып, азғантай жерін сырлап, жөндеу жүріп жатқанын айтты. Сосын ол жерді өз жалға алушыларына береді. СПА-ға келер болсақ, бұл эпизодтардың бірі ғана, болған оқиғаның тек 5-10 пайызы", - деді К.

"Қонақ үй рейтингі күн санап түсіп жатты"

Одан кейін, К.-ның сөзінше, үлесті қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіліп, басқа сома аталып, жәбірленушіге шығыны жазылған хаттар жіберілген.

"Олар мені қонақ үй ісіне араластырмайды, әрі қонақүйді қарызға батырып, қарыз сандарын көбейту арқылы мені қайта оралдырмауға тырысады. Мен сонда ғана қонақ үйді менен тартып алмақшы екенін түсіндім. Қонақ үйдің рейтингі күн санап түсіп жатыр. Мұхамедиұлы мен оның әйелі анасын өз мақсаттарына пайдаланған, 2021-2022 жылдары бұл отбасы бақылауды өзінің еншілес компаниясына берді", - дейді К.

Жәбірленушінің айтуынша, жалпы жиналыстың хаттамасы қолдан жасалған.

"2021 жылдың қазан айында маған бір жігіттер келіп, Мұхамедиұлының інілері екенін айтып, қонақ үйді кепілге қойып, несие алуды ұсынды, тіпті қандай жобаға алу керегін айтты. Мен мұның өтірік екенін бірден түсіндім. Оларға мен екі рет алданғандығымды айтып, кешірім сұрап, ұсыныстан бас тарттым. 2021 жылдың желтоқсан айында сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа арыз бердім. Бізге 3,5 миллиард теңге төлесек, үлесті қайтаруға дайын екендігі туралы хат келді. Мен 3 миллиардқа келісуге дайын екенімді айттым, мәселені бейбіт жолмен шешкім келді.

Шағымды қайтарып, мәселенің шешілуін күттім. Біз өтеу кестесін және үлесті қайтару мәселесін талқыладық. Мамыр айында тағы да сол жігіттер келіп, Мұхамедиұлының үлесін 4 миллиард теңгеден астам сомаға сатып алғанын айтты. Менің келісімімсіз. Олар: "Біз оны банкке салып, сізсіз шешім қабылдаймыз" деді. Біз тағы да сотқа арыз беріп, істе жеңіске жеттік", - деді К.

Сөз соңында ол болған жағдайдың кесірінен шетелдік инвестициялық жобалардың бұзылғанын және тоқтап қалғанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038561-reiderlik-zasady-dep-aiyptalyp-zatqan-arystanbek-muxamediuly-sudyany-geraklga-tenedi/

pixel