Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұрын-соңды облыс әкімі келмеген": ақтөбелік ауыл тұрғындары Асхат Шахаровқа жанайқайын айтты

Опубликовано:

ауыл тұрғыны
Ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының әкімі Темір ауданында бірнеше жылдан бері су және газ тарту жұмыстары тоқтап тұрған Еңбекші ауылын аралап, халықтың жанайқайын тыңдап қайтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Еңбекші ауылының халқы еңбекқорлығымен ерекше. Ауданның 70 пайызын жем-шөппен қамтамасыз етіп отырған ауылда жұмыссыз адам жоқ.

Алайда аудан орталығынан 18 шақырым жердегі ауылға су, газ тарту жұмыстары сиырқұймышақтанып кеткен.

Еңбекші ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталған. Ауыл халқы биылғы жылдың қыркүйек айынан орталықтандырылған ауызсу жүйесін пайдалануға тиіс болатын. Бірақ әлі күнге дейін ауыл іші қазылған күйі жатыр. Газ тарту жұмыстары да жылдап аяқталмай тұрғындар зардабын тартып отыр.

ауыл
Қатты отын. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Биыл газ кіреді деп ауылдағылардың бәрі пештерін алып тастады. Үш жылдан бері газ да тұр, су да тұр. Ақша бөлінді, ал жұмыс қадағаланбайды. Халық қана зардан шегіп отыр. Әкімдікке талай айттық. Бәрі көзбояушылықпен жауап берді. Қазылған жерлер қаншама уақыттан көмусіз жатыр. Ұтып алған мердігерлер жауапсыз, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Көктемде сабақтан қайтқан бала аузын жаппай тастап кеткен құдыққа түсіп кетті. Қасында апайы келе жатып абырой болды. Жазым болса не болар еді. Біз қашанғы қорқып жүреміз", - деді ауыл тұрғыны Ақжанар Қалмұратова.

ауыл тұрғындары
Ауыл тұрғындары Асхат Шахаровпен бірге. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қаймағы бұзылмаған ауыл тұрғындарын жауапсыз мердігер компанияның жұмысы әбден шаршатқан. Газ келеді деп пешін алып тастаған ауылдағы ел қайтадан пеш салып әлек. Көмір бағасы да қымбаттап кеткен.

"Ауылымызға су, газ құбырларын жүргізіп жатқанына екі жыл болды. Басын бастап, кетіп қалады. Жылда 5-6 тонна көмір аламыз. 1 тонна көмірдің бағасы 27 мың теңге. Қосымша қи әкелеміз. Газ келеді деп үміттеніп отырғанымызға екі жыл болды. Істеліп жатқан жұмыс жоқ. Екі жыл бұрын газ келеді деген соң ауыл тұрғындары үйлерін үлкейтіп, жаңа үй салып алды. Бірақ газ жоқ. Ертең қыста қалай болатынын білмей отырмыз", - деді Еңбекші ауылының тұрғыны Серікбай Нұрлыбаев.

ауыл балалары
Ауыл балалары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Еңбекші ауылында 11 жылдық мектеп, 25 орындық балабақша бар. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі - мал шаруашылығы. Әр үйде төрт түлік мал бар.

"Бұл болашағы бар үлкен ауыл. Бұл жерде жұмыссыз жүрген адам жоқ. Мал соятын адам таппайсың. Бұрын-соңды бұл ауылға облыс әкімі келмеген. Осыған дейін облыс басқарған азаматтар келе алмай қалды. Асхат Шахаров елдімекенге халықтың жағдайын білуге келіп жатыр. Бізге газ, су, жол керек. Осы мәселелерге нүкте қойып берсе екен. Мәселеміз жыр боп кетті. Біздің қысымыз қатты. Жол байланысы болмай қалады. Ауыл халық қыста шаруа қожалықтарының тракторларымен жүреді. Боран шашын кезде қиын. Апталап елге азық-түлік әкеле алмай қалған кездеріміз болды",- деді ауыл ақсақалы Сайын Боранқұлов.

ауыл тұрғыны
Ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Облыс әкімі тұрғындармен кездесуде жауапсыз мердігерлерге қатысты заң аясында талап қойылатынын жеткізді.

"Ауыз су мәселесін шешу маңызды. Тез бітіру керек. Халық күтіп отыр. Не айтамыз? Газ мәселесіне қатысты мердігермен заң аясында сөйлесу керек. Талап қойылсын. Бүкіл ауылды қазып тастаған", - деді облыс әкімі.

Ақтөбе облысының әкімі Темір ауданына сапары барысында тағы бес ауылға барды. Инфрақұрылым желісі, жол жөндеу және проблемалық құрылыстарымен танысты.

Мұнайлы өлкеде 25 елдімекен бар. Оның 14-інде ғана газ бар.

"Ауданда бірнеше нысанды араладық. Ауыз су мәселесі негізгі сұрақтардың бірі. Ауылды ауыз сумен қамту жұмысы жүйелі жүргізіледі. Елімізде 2025 жылға дейін барлық елдімекен тіршілік нәрі қамтылады. Сонымен бірге болашағы бар ауылдар газбен қамтылады. Ол үшін жоспар да әзір. Жұмыссыздық мәселесі де негізгі сұрақтардың бірі. Мұнай компаниялары айналасымен шектелмей, мемлекеттік тетіктерді пайдалануға тиіспіз. "Ауыл аманаты" жобасы аясында үлкен мүмкіндіктер бар. Жастармен белсенді жұмыс істеп, жағдай жасалады. Сонымен қатар жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізуіміз керек", -деді А. Шахаров.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039153-buryn-sondy-oblys-akimi-ayaq-baspagan-aqtobelik-auyl-turgyndary-asxat-saxarovqa-zanaiqaiyn-aitty/

pixel