Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұруға жарамсыз болса, пәтер жалдасын": Семей әкімдігі апатты үй тұрғындарының жанайқайына жауап берді

Жарияланған күні:

апатты үй
Апатты үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Семейде апатты деп танылған жатақхананың тұрғындары жанайқайын айтты. Қабырғасы қақырап, төбесінен су тоқтамайтын жағдайға жеткен үйді паналаған семейліктер әкімдіктен баспана беруді сұрап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тұрғындар қабырғасы жарылып, құлағалы тұрған үйді көрсетті. Қос қабатты ғимараттың әбден тозығы жеткен. Үйдің қабырғаларында жарық пайда болып, кірпіштері үгіліп, қирап та қалған.

"Мынаның бәрі құлап жатыр. Үстіңгі қабатта жарымжан әйел тұрады. Бірінші топ мүгедектігі бар. Ал астыңғы қабаттағы пәтерде көпбалалы ана тұрған. Оған жалдамалы үй беріліп, көшіп кетті. Біз ғана тұрып жатырмыз. Тапқанымыз пәтер жалдауға жетпейді. Қазір пәтердің бір айлық төлемі 120-150 мың теңге аралығында", - деді үй тұрғыны Гүлнәр Мәмбетова.

Жатақхана 51 жыл бұрын Семей былғары зауытында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін салынған. 2021 жылы құрылған арнайы комиссия үйді адам тұруға қауіпті, апатты деп таныған. Сол тұста үйді паналап отырған 14 отбасының жартысы пәтер жалдап бас сауғалап кеткен. Ал сегіз отбасы құлауға шақ тұрған баспанада әлі тіршілік етіп келеді.

үйдің дәлізі
Үйдің дәлізі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұл үйде су жоқ. Жылу жоқ. Әжетханаға далаға барамыз. Үйдің арты құлап жатыр. Екі рет өрт болды. Тоқтан. Үйдің іші дым. Көгеріп жатыр. Сондықтан осында тұрып жатқан кісілердің денсаулығы кетті. Үйі тұруға жарамсыз болып қалғандар көшіп кетті", - дейді Семей қаласының тұрғыны Майра Бейсенбаева.

Екі жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырған тұрғындар көмекке зәру. Ал жауапты мамандар тұрғындардың өзін кінәлайды. Олардың айтуынша, пәтер иелерінің тарапынан апатты үйге соңғы рет жөндеу жұмыстары қашан жүргізілгені белгісіз.

"Бұл үй 2021 жылы ресми түрде апатты үй болып танылды. Қазір тұрғындар үй кезегінде тұр. Заң талабына сәйкес, бірден баспана бере алмаймыз. Өйткені олардың алдында сол санат бойынша тұрғын үйі кезегінде тұрғандар бар. Егер тұруға жарамсыз болса, пәтер жалдасын", - деді Семей қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ләйлә Абылхайырова.

Осылайша бұл үйдің тұрғындарының жаңа қонысқа қашан қол жеткізетіні белгісіз. Жауапты мамандар әкімдік тарапынан қандай көмек көрсетілетінін де дөп басып айта алмады.

Автор: Елжан Нұрболат

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039378-turuga-zaramsyz-bolsa-pater-zaldasyn-semei-akimdigi-apatty-ui-turgyndarynyn-zanaiqaiyna-zauap-berdi/