Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сертификаты жалған болған": Ақтөбеде 110 мұғалім екі жыл бұрын алған біліктілік санатынан айырылды

Опубликовано:

сабақ түсіндіріп жатқан мұғалім
Сабақ түсіндіріп жатқан мұғалім. Көрнекі фото: pexels.com

Ақтөбе облысында 110 мұғалімге жалған сертификат беру ісі сотта қаралды. Бұл жағдай Мемлекеттік ішкі аудит пен Антикор қызметі 2021-2022 жылдар аралығында тестілеу орталығына жүргізген тексерістер кезінде белгілі болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов мәлімдеді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Ақтөбе қалалық №2 сотында тестілеу орталығы арқылы ұстаздардың біліктілік санатын арттыру жұмыстарын заңсыз ұйымдастырған төрт адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. 2023 жылғы 31 шілдедегі сот үкімімен оларға коммерциялық ұйымдарды басқару лауазымдарын 3-5 жылға дейін басқару құқынан айырып, әрқайсысына 7 млн теңгеге дейін айыппұл салынды.

Іс материалы бойынша ұстаздар біліктілік сертификатын 150-400 мың теңге аралығындағы қаржыға сатып алған. Мұғалімдерге аударылған үстемақы бюджетке қайтарылып жатыр.

"Барлығы 110 педагогке 97 млн теңгеден астам үстемақы аударылған. Бұл 1-2 жылда жиналып қалған ақша. Әр адам 800 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін қосымша үстемеақы алған. Қазіргі уақытта 75 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды. Қазір тек 22 млн теңгеге жуық ақша қалып тұр", - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов.

Оның сөзінше, тексеріске іліккен мұғалімдер оның нәтижесіне қатысты сотқа шағым түсіре алады.

"Шын мәнінде (кей мұғалімдер - ред.еск.) өзі тапсырып, өткенін айтып жатыр. Бірақ оны сот арқылы дәлелдеуі керек. Әркімнің сотқа жүгінуге конституциялық құқығы бар. 5-6 педагог соттасамын (тексеріс нәтижесіне шағым түсіруге құқығы бар - ред. еск.) деп отыр. Қалған педагогтер қаржылық қиындыққа байланысты шамалы уақыт сұрап отыр. Мойындады, ақшасын қайтарады. Сертификаты жалған болған соң модератор, педагог дәрежесі алынды. Жауапқа тартылды. Енді олар 5 жыл бойы (тестілеуден - ред.еск) өте алмайды",- дейді басқарма басшысының орынбасары.

Білім басқармасы қазіргі уақытта ұстаздардың бұл әрекеті үшін өкінетінін жеткізді.

"Педагогтерді шақырған, осы жолмен өтуге болатынын айтқан. Сөйтіп бірінен кейін бірі ілесіп кете берген. 2020 жылы, пандемияның уақыты да болды. Пендешілікке салынған. Өкініш бар. Кейбірі қайта тапсыра аламыз деп сенімді отыр. Алайда 5 жыл күтеді. Үстемақы ала алмайды, тек жалақысын алады",- деді Артур Әуезов.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039340-sertifikaty-zalgan-bolgan-aqtobede-110-mugalim-eki-zyl-buryn-algan-biliktilik-sanatynan-aiyryldy/

pixel