Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жәңгір хан университетіне – 60 жыл: түлектер мен қамқоршылар форумы өтті

Опубликовано:

Жәңгір хан университетінің түлектері мен қамқоршыларының форумы
Фото: БҚО әкімдігі

Оралдағы аграрлық-техникалық университеттің мерейтойы мазмұнды шаралармен айшықталды. Оқу ғимаратына түлектер мен қамқоршылар жиналып, тарих пен келешек жайлы ой өрбітті.

Жоғары оқу орны елдің батысындағы аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосып келеді. Форумға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев университеттің, әсіресе, ауылдық жерлерді өркендетуге зор септігін тигізгенін атап өтті.

"Жоғары оқу орнының атауы ауылмен байланысты. Ауыл – ежелден қазақтың алтын бесігі, елдігіміздің тірегі. Бұл университет – ауылшаруашылық және техникалық мамандықтардың кең спектрі, халықаралық білім беру тәжірибесі бар заманауи оқу орны. Осында білім алған мамандар өңірде сан сала бойынша табысты еңбек етіп жатыр", - деді ол.

Университет түлектері мен қамқоршылары форумына қатысушылар
Фото: БҚО әкімдігі

Жәңгір хан университеті өткен жылдың қорытындысы бойынша білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің шешімімен елдегі жетекші университеттердің үздік төрттігін түйіндеді. Сол жылы білім ордасында робототехника зертханасы жұмысын бастаса, биыл Студенттер тынымбағы ашылды.

Университеттің академиялық саясаты мен кадрларды даярлау формасы түбегейлі өзгерді. Білім беру бағдарламалары еңбек нарығының сұранысы мен талаптарын ескере отырып әзірленген. Құрамына жұмыс берушілер кіретін академиялық комитеттер базалық пәндерді біріздендіруге кірісті.

Университет түлектері мен қамқоршылары форумына қатысушылар
Фото: БҚО әкімдігі

Оқу орнының дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі – 2010 жылдан бері Уфа мемлекеттік мұнай технологиялық университетімен арада жалғасып келе жатқан ынтымақтастық. Осы аралықта біліктілікті арттыру курсттары мен практикалық сабақтар өткізіліп, білім мен ғылым саласындағы әріптестік әлеуеті арта түсті.

"Біздің білім беру бағдарламаларымыз "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасы тарапынан да үнемі бағаланады. Соңғы жылда 28 білім беру бағдарламасы жоғары жетістіктермен ерекшеленді. Бүгінгі таңда университеттің Қытай, Өзбекстан, Ресей, Беларусь сынды елдердегі серіктестермен бірлескен 8 білім беру бағдарламасы бар", – деді университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Нүркен Ғұбашев.

Университет түлектері мен қамқоршылары форумына қатысушылар
Фото: БҚО әкімдігі

Білім ордасында 344 профессор-оқытушы жұмыс істейді. Олар әр оқу жылы сайын кемінде 4 мың студентке дәріс береді. Әр жылдары түлеп ұшқан шәкірттер форумда кәсіби білім беру саласының алдағы мақсат-міндеттерін бірге талқылады. Олар халықаралық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысты одан әрі нығайтып, заман талабына сәйкес мамандар даярлау үрдісін тағы жетілдіру қажет екенін жеткізді. Соның ішінде сандық жүйеге сұраныс толастамайтыны, сондықтан осы салаға ерекше басымдық берілетіні айтылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040908-zangir-xan-universitetine-60-zyl-tulekter-men-qamqorsylar-forumy-otti/

pixel