"Сауда орталығының ғимараты, фитнес желісі": Қайрат Боранбаевтың тағы бірнеше активі мемлекет меншігіне қайтарылды
Жарияланған күні:
Қайрат Боранбаевтың тағы бірнеше активі мемлекет меншігіне қайтырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
"Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекет меншігіне қайтару шараларын Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізіп жатыр.
Мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті.
Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан "Алмалы" сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын Unity Hall ЖШС. "Алматы Тауэрс" бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады", - дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Сондай-ақ агенттік өкілі Fitnation фитнес клубтар желісі де мемлекет меншігіне өткенін атап өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан.
"Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарлануда. Активтерді қайтару жұмыстары жалғасуда", - деп толықтырды Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі.
Айта кетелік, бұған дейін Қайрат Боранбаев жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын қонақ үй кешенін өз еркімен мемлекет меншігіне беруге келіскен еді.
Сондай-ақ Қайрат Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңгеден астам қаржы аударған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041504-qairat-boranbaevtyn-tagy-birnese-aktivi-memleket-mensigine-otti/