"Қызмет сапасы артты": БҚО-ның Өлеңті ауылында жаңа медициналық нысан ашылды
Жарияланған күні:
Республика күні қарсаңында фельдшерлік-акушерлік пунктін қолданысқа беру рәсімі салтанатты түрде атап өтілді.
Өлеңті ауылында медициналық қызметкерлер бұған дейін әкімдік ғимаратынан берілген аядай жалғыз кабинетте еңбек етті. Аумақтың тарлығы мен құрал-жабдықтың тапшылығы қызмет сапасына кері әсерін тигізген еді. Енді оларға бөлек ғимарат пен жаңа құрылғылар беріліп, ауылдастар үшін қолайлы жағдай жасалып отыр.
"Мен 10 жыл бұрын осы ауылға "Дипломмен - ауылға!" бағдарламасы аясында қызметке келдім. Сол кезден бастап тұрғындарды тар кабинетте қабылдадық. Ал жаңа ғимаратта жұмыс істеу қолайлы. Бірнеше кабинет бар. Арнайы құралдар бар. Тұрғындарға алғашқы медициналық көмек қолжетімді", - деді фельдшер Роза Кәуенова.
"Бұрын аудан орталығына барып қаралатын едік. Ол жақта ұзын-сонар кезек болады. Енді біз өз ауылымызда тексеріле аламыз. Қуаныштымыз!", - деді ауыл тұрғыны Күміс Әнесова.
Құрылысқа 170 млн астам теңге бөлінген. Тиісті жұмыстар үш ай ішінде аяқталды. "Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық бағдарламасы аясында биыл өңірде 12 медициналық нысанның құрылысы басталған еді. Қазір соның үшеуі тапсырылды.
"Қалған 9 ғимарат жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Президент тапсырмасына сәйкес Ұлттық жоба негізінде аймақ бойынша екі жыл ішінде 50 медициналық нысан салу көзделген. Әр нысан жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіледі" деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041903-qyzmet-sapasy-artty-bqo-nyn-olenti-auylynda-zana-medicinalyq-nysan-asyldy/