Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір ай бойы шағын автобуспен Ақтөбенің 12 ауданын аралаған облыс әкімі: Жолға байланысты мәселе бар

Опубликовано:

Асхат Шахаров Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовпен
Асхат Шахаров Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовпен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қыркүйекте Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған Асхат Шахаров елге саяси қызметімен ғана емес, спортшы, атап айтқанда, дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы ретінде де танымал. Жаңа әкім қызметіне кірісе сала аудан-ауданды көлікпен аралауға шықты. Осы орайда әкіммен үзеңгілес болған KAZ.NUR.KZ тілшісі Асхат Шахаровты сөзге тартып, сұрақтарына жауап алды.

- Ақтөбенің 12 ауданын шағын автобуспен араладыңыз, жолды көзіңізбен көрдіңіз, әсеріңіз қандай? Жөндеп, қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма? Сол көлік ішінде журналистер де болды. Мұны әріптестеріңіз қалай қабылдады?

- Ақтөбе облысында жалпы жағдай жақсы деп айтуға болады. Дегенмен байланыс нашар. Бұл жерде жол, ұялы байланысқа қатысты мәселелер бар. Республикалық маңызы бар жолдар көп сынға ұшырап жатыр. Апта соңында Көлік министрінің өзі Ақтөбеге келді. Жолды өз көзімен көрді. Ұсыныс айттық. Жұмыс істейміз. Алдағы 2-3 жылда жол мәселесін шешуге басымдық беріледі. Ақтөбе-Атырау тасжолының Ақтөбе - Қандыағаш аралығы бірінші деңгейлі жол болады. Осы қарқынмен жақсы және қанағаттанарлық жол үлесін 95 пайызға жеткізу керек. Қазір 70 пайыздан асады. Өзім жүрсем, әріптестеріммен жүрсем жұмыс бабында сөйлесеміз. Ал тілшілердің арасында барлық жағдайды жете түсінуге мүмкіндік бар әрі БАҚ арқылы кері байланыс жылдам. Аудандарда кемшілік жоқ емес, бар. Сондықтан бірге жұмыс істеу керек. Менің ойымша сынды жақсы жағынан қабылдау керек. Проблемаларды бірге шешу - басты мәселе. Халық жұмыс нәтижесін көруі керек.

- Аудандарға алғашқы сапарыңызда проблемалық нысандарды аралап шықтыңыз... Келер жылы тоқтап тұрған әлеуметтік нысандарды жөндеумен шектелеміз бе? Жаңа нысан салынбай ма?

- Біраз уақыт құрылысы тоқтап тұрған нысандарға қатысты барлық мәселелерді шешеміз. "Шешілмейді, болмайды" деген сұрақ тұрған жоқ. Бір жерге уақыт, бір жерге қаражат, біріне ұйымдастыру керек. Жаңа нысандар да салынады. Желтоқсандағы облыстық мәслихат сессиясында үш жылдық бюджетке енгізетін жобаларды атап өтемін.

- Сіз көрген ауылдардың жағдайы қалай? Кездесулерде тұрғындар қандай мәселе қозғады?

- Жеке бас сұрағы емес, елдің қамы, қолдау керек жұмыстармен келді. Маған ұнағаны, үлкендердің ауылдағы мәселелерді көтеруі. Тіпті аудандардан қалаға жазылып келетіндер бар. Сондықтан "өзім барайын, өзім қабылдайын" дедім. Жоқ, қалаға барып айтамыз дейтіндер болады. Енді қалада тұрғындарды қабылдау болады.

- Халықта сенім бар ма? Әлде билік сенімді жоғалтып алып па?

- Қалай жұмыс істейміз, солай болады. Үміт бар. Уәдеден шаршап жүргендер де жетерлік. Біз нақты ісімізбен дәлелдеп, жұмысты көрсетуіміз керек. Халыққа жағдай жасауға тиіспіз. Мәселен сұйытылған газ мәселесіне қатысты сұрақтар әріптестермен бірге жан-жақты шешілді. Мен шештім деп тұрғаным жоқ. Министрлік арқылы өндірістік компаниялармен байланыс жасап, бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, шешілді. Кез келген сұрақта жауапты мамандармен бірлесіп, команда болып тиімді тұсын халыққа ұсынуға болады.

- Инвесторлар туралы айтсаңыз... Экономиканы көтеру үшін кімдер келеді?

- Кім келсе де жатырқамаған жөн. Инвесторлармен жұмыс істелуі керек. Біріншіден, жергілікті. Олар көбіне ауыл шаруашылығы саласын таңдайды. Арасында үлкен компаниялар да бар. Мәселен әуежайды халықаралық компания сенімгерлік басқаруға алғысы келеді. Олар әлемдегі ірі 20 әуежайда қызмет көрсетеді, тәжірибе мол. Мамандар арнайы келіп, бірге жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Иә, әуежай стратегиялық маңызды нысан. Сондықтан навигация мен ұшу алабындағы жұмыстар өзімізде қалады. Ал жаңа компания қызмет көрсету сапасын арттырады. Экономиканың бір бөлігі – өңдеу өнеркәсібі. Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы осы. Өндіріп қана қоймай, жергілікті жерге өңдеу маңызды. Сол кезде баға мен сапаны тең ұстауға мүмкіндік болады. Қазір бізде өңдеу саласының үлесі – 35 пайыз. Сандық көрсеткіштен кенжелеп қалғаны көрінеді. Олқылықтың орнын толтыру үшін қосымша цехтарды іске қосамыз. Жалпы инвесторлармен жұмысты күшейтуге тиіспіз. Заман талабы бұл. Келісімге келу, құжаттарды дайындау, іске қосу, тұрғындарды жұмыспен қамту, сөйтіп әлеуметтік жауапкершілікті міндеттеудің бәрі әп-сәтте емес, кезең-кезеңімен іске асады. Үкімет басшысы да соны қадағалап отыр. Біздегі бес компанияның жұмысын қолға алған инвесторлардың жүріс-тұрысы баяу. Ертең кеш болмас үшін бүгін министрлікке хабарлап, атқаратын жұмыстарды бірге бекіттік. Оң нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Санаулы күнде инвесторлармен кездесемін. Әкімшілік кедергілер жойылады.

- Бұған дейінгі облыс әкімдері кадр аз деп жиі айтты. Шынымен солай ма? Жастарға мүмкіндік беріле ма?

- Жоқ деп айта алмаймын. Бар. Аудандарды аралап жүрген кезде тек әкімдерге қарап жүрген жоқпын. Мәселен Алға ауданында бір қызметкерді түртіп алдым. Нәтижесінде бірнеше аудандағы мамандар орталыққа келеді, ал орталықтағы кадрлар ауданға барады. Аудандарда 10-20 жылдап бір қызметте жүргендер бар. Сол сияқты орталықта да бір қызметті ұзақ атқарғандар жетерлік. Байқасам, ешқайда барғысы келмейді. Енді елді-жерді көруге жібереміз. Білген, жинаған тәжірибелерін елдің жағдайын жақсартуға жұмсауы керек. Кадр жоқ деп отыруға болмайды. Тек облыста емес. Сыртта жүрген қаншама кадр бар. Ақтөбеліктер ғана Ақтөбеде істеуі керек деп қарай алмаймыз.

- Қалада қайда тұрасыз?

- Елмен бірге көпқабатты үйде тұрамыз. Жеті қабатты үй. Соның жетінші қабатында тұрамын.

- Жалақыңыз...

- 1 800 000 теңге шамасында.

- Әлі де спортпен шұғылдансыз ба?

- Ақтөбеге келгелі уақыт жоқ. Ниет бар. Астанада болғанда айналыстым. Жүгірдім. Қазір режим жоқ. Ұйқы шала. Ерте тұрасың. Таңертең 6:30-да тұрамын. Кеш жатасың.

- Сынды қалай қабылдайсыз?

- Сынды дұрыс қабылдау керек. Бәріне ренжи алмайсың. Маған сөйлеме деген дұрыс емес.

- Әлеуметтік желіде жазылған пікірлерді оқисыз ба?

- Бұрын қалада болғанда оқитын едім. Қазір баспасөз қызметі әкеледі. Проблемалық мәселелерді қарап шығамын. Кейбір басшылар атүсті жауап беретінін байқаймын. Сол ашуландырады. Бюрократиялық тілмен жауап береді. Түсіндіріп беру керек. Адамдарға жылулық болу керек.

- Үкімет аппаратында болдыңыз...

- Аппараттан үлкен тәжірибе алдым. Құжаттармен жұмыс, шешім қабылдау. Мемлекеттік саясат. Президент әкімшілігі болып жатқан барлық жағдайдан хабардар. Жергілікті атқарушы билікті бақылап отырады, шешімін табуды талап етеді. Ал елдің жағдайына келер болсам, көпшілік қанағатшыл. Халықтың көңіл-күйі амандасқанынан білінеді. Біреуі құшақтайды, жай амандасады. Біреуі аман-саулық сұрағанды күтеді. Барынша халыққа жақын болуға тырысамыз.

Сұқбат құрған Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042204-bir-ai-boiy-sagyn-avtobuspen-aqtobenin-12-audanyn-aralagan-oblys-akimi-zolga-bailanysty-masele-bar/

pixel