Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зауыттағы жарылыста қол-аяғы мен бетін күйік шалған жамбылдық тұрғын: Несиемді жауып беруін сұраймын

Опубликовано:

Елдос Жолдыбаев
Елдос Жолдыбаев. Фото: жеке мұрағатынан

Қыркүйекте Жамбыл облысындағы цемент зауытында пеш жарылып, апат болған еді. Сол жарылыста жұмысшы Елдос Жолдыбаев бетін, қол-аяғын күйік шалып, ауруханаға түскен. Еңбекке жарамсыз азамат бүгінгі таңда үйінде ем қабылдауда. Ол жұмыс орнынан үш айлық жалақысын және несиесін өтеп беруді сұрап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

20 күндей ауруханада ем алып, үйіне жіберілген Елдос Жолдыбаев алдағы 3-4 ай жұмыс істей алмайтынын айтады. Сондықтан, оның айтуынша, мойнындағы банк алдындағы берешегін өтеу және ем-домына қаражат табу ол үшін қиындық тудыруда.

Оқиғаның қалай болғаны туралы әйелі айтып берді.

"Жолдасым зауытта гранулятор операторы болып жұмыс істейді. Қыркүйектің 21 күні ол түнгі ауысымға түскен еді. Отбасымызбен кешкі ас ішіп отырған кезде цемент зауытының пеші жарылып, 5 адамды күйік шалып, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенін естідік. Оның ішінде менің жолдасым да бар. Оның қызметі пешпен тығыз байланысты. Жолдасымның беті, екі қолы, желке тұсы, екі аяғын қатты күйік шалды (19 пайыз - 3 деңгей). Күйеуім 20 күн аудандық ауруханада ем алып жатты. Мен қасында күтуші болып жүрдім, себебі жолдасым ауыр хәлде болды. Ал денесінің 90 пайызын күйік шалған басқа екі жігіт қайтыс болды", - дейді жағдайды баяндаған Нұршат.

Нұршаттың айтуынша, бастапқыда зауыт өкілдері Елдос Жолдыбаевқа несиесін толық жауып, айлығы 100 пайыз қолына тиетіні, емделуіне де қаражат берілетіні туралы уәде беріп кеткен. Алайда ерлі-зайыптының сөзінше, олар қолына қыркүйек айына еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақысын әлі алмаған.

"Осы күнге дейін жұмыстан алатын айлығымнан бөлек қосымша ақша тауып, өз несиелерімді жауып отырғам, үй тірлігін істеп отырғам. Несиелерім бастан асып жатыр. Қазір жылыту маусымы, газ жағып отырмыз, коммуналды қызмет ақысы, бала-шағаны асырау керек, ем қабылдауым бар, бәрі ақшаға тіреліп, қолым байлаулы болып отыр. Қазіргі талабым - егер шын көмектескісі келсе, менің несиелерімді жауып, айлығымды уақытылы беруін, ем-домыма ақша берілуін сұраймын", - дейді Елдос Жолдыбаев.

Елдос Жолдыбаев
Елдос Жолдыбаев. Фото: жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, ауруханада жатқан кезінде оған жұмыс орнынан ем-домына 100 мың теңге берілген, алайда ол күтім жасаған келіншегінің әрі-бері жолпұлына жұмсалып кеткен.

"Шыны керек, айтуға да ұялып отырмын, бала-шағадан бөлек күнделікті жараны таңуға баратын жолыма ақша жоқ болып қалды. Жақпамайды да өзім сатып алып жатырмын. Тегін дәрі жоқ", - дейді ол.

Күйік шалған азаматтың айтуынша, 18 қазанда зауыт өкілдері оған 500 мың теңге ұсынған.

"Маған 500 мың теңге ұсынды. Екі айлық жалақымды төлеп береміз деп айтты. Ол үшін мен ешқандай арыз-шағымым жоқ деген құжатқа қол қоюым керек болған. Бірақ мен келіспедім", - дейді ол.

Зардап шегуші азаматтың әйелі бұл оқиға бойынша полиция күйеуінен ештеңе сұрамағанын айтады.

"Кісі өлімі және жұмысшылардың ауыр жарақат алғанына қарамастан полиция қызметкерлері ештеңе сұрамады, қылмыстық іс қозғалды ма? Егер қозғалса неліктен бізге таныстырмады? Жалпы қызметтік тексеріс жүрді ме? Бұл істі прокуратура бақылауына алсын", - дейді ол.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Осы факті бойынша Талас аудандық ішкі істер бөлімі Қылмыстық кодекстің 156 бабы 4 бөлігі (Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Қазіргі уақытта бірқатар қажетті сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", - делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ бұл іске қатысты Талас ауданы прокурорының орынбасары пікір білдірді.

"Қылмыстық іс бойынша жүріп жатқан тергеуді біздің қызметкерлер қадағалап отыр. Бұл кісінің бұрын, осы жұмысына дейін алған несиесі бар екен, соны өтеп беруін сұрап отыр. Ал зауыт тек бертінде алған кредитін жауып берейік деген", - дейді аудандық прокуратура өкілі.

Бұл жағдайдан аудан әкімдігі де хабардар. Талас ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Серік Тәжібаев әзірге іс бойынша қорытынды шешім шықпағанын алға тартып, қос тараптың дауына тоқталды.

"Бұл суретте зардап шеккен азаматтың ауруханаға түскен уақыттағы хәлі көрсетілген. Комиссияның шешімі бойынша оған үш ай уақыт ем алуға уақыт берілген, сол аралықта айлығы толық жүреді. Екіншіден, бұл кісінің 3 млн 600 мың теңге кредиті бар. Оның 2 млн 600 мың теңгесі бұрын өзі жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеген кезінде алған. Ал қалған 1 млн 2 мың теңге бертінде осы зауытта істеп жүрген кезде алынған. Зауыт соңғы қарызын толық өтеп беруге дайынбыз дегенді айтып отыр. Бұл жігіттің талабы - бүкіл қарызын өтету. Зауыт заң жүзінде оның бұрынғы жеке кәсіпкер ретінде алған қарызын өтеуге міндетті емес екенін айтқан", - дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Елдос Жолдыбаевтың талабына қатысты зауыт өкілдері кейінірек пікір білдіруге уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042792-zauyttagy-zarylysta-qol-ayagy-men-betin-kuiik-salgan-zambyldyq-turgyn-nesiemdi-zauyp-beruin-suraimyn/

pixel