Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбылда 19 жастағы спортшы жігітті 19 жерінен пышақтағандарға қатысты сот үкім кесті

Опубликовано:

Пышақ ұстап тұрған ер адам
Пышақ ұстап тұрған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жамбылда 19 жастағы спортшы жігітті 19 жерінен пышақтап өлтіру дерегі бойынша күдіктілерге қатысты сот үкімі шықты. Судья суық қару сілтегендердің бірін 10 жыл, екіншісін 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға өткен жылдың 30 желтоқсанында Меркі ауылында болған еді.

Алматыдан ауылына келген студент Алмас Әміров жаңа жыл қарсаңында соққыға жығылған. Артынша ауыр пышақ жарақатын алған азамат ауруханада көз жұмған.

Сол кезде "кінәлілер бостандықта жүр" деп шырылдаған марқұмның туыстары жанжалға жастардың сезім мәселесі себеп болғанын айтқан. Ағасының айтуынша, 17 жастағы ауылдың бозбалалары Алматыда жүрген Алмасты Меркіге мәселе шешуге шақырады. Жастардың жанжалы бойжеткенге байланысты болған. Спортшы жігіт келген бойда жалғыз өзі ауыл балалары шақырған жерге барады. Ағасының айтуынша, оған 4 жігіт жабылған.

Туыстары бірнеше адамның қатысуымен болған қылмыстық іс бойынша сотталушыларға жеңіл жаза берілгенімен келіспейді. Қарындасы желіде видео жариялап, үш айыпталушының бірі жазасыз қалғанын айтады.

Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі бұл іс бойынша түсініктеме берді.

Сот алқабилердің қатысуымен қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде тұрғылықты жері бойынша оң мінездемелер берілуі мен сотталушы Д.-ның кәмелетке толмағанын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерген.

"Алқабилердің қатысуымен сот Д.-ның әрекеттерін бұзақылық ниетпен адам өлтіруден, яғни Қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 бөлігінен адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату (Қылмыстық кодекстің 99 бабы 1 бөлігі) бойынша қайта саралау қажет деген қорытындыға келді.

Жасалған қылмыстың мән-жайы мен оның ауырлығын ескере отырып, сот алқабилер алқасының қатысуымен ашық дауыс беру арқылы Д.-ға түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру (Қылмыстық кодекстің 293 бабы 3 бөлігі, 99 бабы 1 бөлігі), Ш.-ға 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру (Қылмыстық кодекстің 293 бабы 3 бөлігі) жазасын тағайындады", - делінген хабарламада.

Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Авторы: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043842-zambylda-19-zastagy-sportsy-zigitti-19-zerinen-pysaqtagandarga-qatysty-sot-ukim-kesti/

pixel