Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қыс таяп қалды": Венгрия премьер-министрі шапан киген фотосын желіде жариялады (фото)

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан. Фото: instagram.com/orbanviktor

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан шапан киіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге түскен фотосын әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ саясаткердің Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан шапан киіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге суретке түскен.

"Қыс таяп қалды", – деп жазды ол Instagram парақшасында жариялаған жазбасының астында.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 2 қарашада "Ақорда" резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан (Венгрия) премьер-министрі Виктор Орбанды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өткенін жазған едік.

Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрамда келіссөз өткізген.

Мемлекет басшысы Мажарстан премьер-министрінің қыпшақ екенін тілге тиек еткен. Ол Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

"Құрметті премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

"Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе.

Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор", – деді Виктор Орбан.

Одан соң екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген.

Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанды I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043879-qys-tayap-qaldy-vengriya-premer-ministri-sapan-kigen-fotosyn-zelide-zariyalady/