Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айналдырған 1,5 шақырым жер": Семейде көктемнен бері жөнделмей жатқан жол тұрғындарды әбігерге салды

Жарияланған күні:

Семей
Семей. Фото: KAZ.NUR.KZ

Семейдегі 18-подстанция ықшамауданының тұрғындары белуардан балшық кешіп жүр. Олардың айтуынша, көктемде жөндеу жұмысы басталған жол қопарылған күйі қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Елді мекенде мектеп болмағандықтан балалар қалаға қатынап оқиды. Ал қоғамдық автобус жүруден бас тартып жатыр. Енді тұрғындарға шаһарға жетудің өзі мұңға айналып барды. Айналма жол ми батпақ болғандықтан, көліктердің жүруі қиындаған.

"Жолды көктемде, сәуірде бастаған. Айналдырған бір жарым шақырым жерде әлі жүр. Міне батпаққа батып әрең жетеміз. Көліктің қосалқы бөлшектері де қымбат. Бұл сұмдық қой. Қазір қыс келе жатыр. Қалай болады, білмейміз", - дейді Семей қаласының тұрғыны Саят Оразханұлы.

Осылайша жолдың батпағы езіліп, қарашаны әбігерге салды. Мазасы кеткен жұрт күре жолға жаяу жету үшін аяқтарынан резеңке етік шешпейді. Олар белшеден лай кешкен күйімізді айтып, қақпаған есігіміз, жазбаған жеріміз қалмады дейді.

"Мен өзім қазір 86-дамын. Осыдан шығып, сонау жолға дейін жаяу барамын. Ешқандай көмек жоқ. Ауыл екен деп қарамайды. Келіп бәрін қарамай ма? Суың бар ма, отының бар ма, деп. Жоқ олай емес", - дейді Семей қаласының тұрғыны Мәклимә Қараханова.

Ал әкімдік жұрттың батпақ кешіп жүргенінен хабарсыз болып шықты. Өйткені ықшамауданның тозығы жеткен жолындағы асфальтті жаңарту жоспарда болмаған. Олардың мәлімдеуінше, елді мекенде орналасқан компания өз қаражатына жолды жөндемек болып, қопарып тастаған.

көше
Көше. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұл жолды жол жөндеу жұмыстарына KEGOC фирмасы өздері тендер өткізген. Мердігер арқылы 18-подстанциядан бастап, Семей-Қайнар автожолына дейін асфальт салу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Бұл жұмыстар әкімдікпен келісілмеген. Сондықтан біз әкімшілік шаралар қолдану жөнінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл іспен полиция қызметкерлері айналысып жатыр", - дейді Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Әділбек Увасилов

Сондай-ақ мамандар толассыз жауған жаңбырдан кейін айналма жолдың ми батпақ болып кеткенін алға тартуда. Қазір жолды қопарып тастағандар екі күннің ішінде оны қайта қалпына келтіруге міндеттелді. Ал негізгі күре жолға бір-екі аптаның ішінде асфальт төселіп бітуге тиіс.

Автор: Елжан Нұрболат

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044011-ainaldyrgan-15-saqyrym-zer-semeide-koktemnen-beri-zondelmei-zatqan-zol-turgyndardy-abigerge-saldy/