"1 тоннасы орта есеппен 13900 теңге": Қазақстан көмірі қай елдерге экспортталып жатыр
Жарияланған күні:
Қазақстанда өндірілген көмірдің 1 тоннасы шетелдерге орта есеппен 30 АҚШ долларына бағаланып сатылуда. Жыл басынан бері 26,1 млн тонна көмір Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Польша, Латвия, Эстония және тағы басқа елдерге жөнелтілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ильяс Оспанов Қазақстандағы көмір өндірісі және оның экспорты туралы KAZ.NUR.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берді.
Вице-министрдің ұсынған мәліметінше, былтыр көмір өндіруші компаниялар 113,9 млн тонна қатты отын өндірген. Одан коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа деп 11,03 млн тонна көмір бөлінген. Сондай-ақ 2022 жылы елдегі энергетикалық кешендерге 64,4 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 6,07 млн тонна, ал экспортқа 32,5 млн. тонна қатты отын жөнелтілген.
Биыл Қазақстанда көмір өндірісі былтырмен салыстырғанда біршама азайған.
"Биыл қаңтар-қазан аралығында көмір разрездерінің жедел деректері бойынша шамамен 91,3 млн. тонна көмір өндірілді. 2022 жылғы қаңтар-қазан айларында 91,9 млн тонна көмір шығарылған", - дейді министрлік өкілдері.
Ведомстводағылар биылғы 10 айда коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындарға 6,9 млн тонна, энергетикалық кешендерге 54,3 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 4 млн тонна, экспортқа 26,1 млн тонна жөнелтілгенін айтады.
"БЖС деректері бойынша 1 тонна үшін көмірдің орташа құны шамамен 30 АҚШ долларын құрайды. Негізінен қазақстандық көмір Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Польша, Латвия, Эстонияға экспортталып жатыр", - делінген жауапта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044733-1-tonnasy-orta-eseppen-13900-tenge-qazaqstan-komiri-qai-elderge-eksporttalyp-zatyr/