Жамбыл облысында балалардың жаппай улануы: прокуратура істі бақылауына алды
Опубликовано:

Жамбыл облысындағы мектептердің бірінде балалардың жаппай улану жайты бойынша тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды облыстық прокуратура ресми сайтында.
Ведомство мәліметінше, 7 қарашада Жамбыл облысы Сарыкемер ауылындағы мектеп-гимназияның 46 оқушысы мен 2 мұғалімі Байзақ ауданы орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне тамақтан улану белгілерімен жүгінген.
Қазіргі уақытта тексеру нәтижелері бойынша 33 оқушы және 2 мұғалім ауруханаға жатқызылған.
Прокуратура аталған жайтты Байзақ аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі бойынша (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіліміне тіркеп, іс аясында қажетті тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан да тиісті тексеру жүргізілмек.
Қылмыстық істің барысын облыс прокуратурасы бақылауына алған.
Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сай өзге ақпарат жария етілмейтінін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044797-zambyl-oblysynda-balalardyn-zappai-ulanuy-prokuratura-isti-baqylauyna-aldy/