Ақтөбеде Оралдан әкелінген бір фура киік еті сатылмай, кері қайтарылды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде "киік еті сатылады" деген жарнама елді шулатты. Бірақ айтылған қасапханаға ағылған ақтөбеліктер киік етінен қуырдақ жей алған жоқ. Фураға тиелген ақбөкен еті Оралға кері қайтарылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласы Жаңақоныс ауданындағы қасапхананы іздеп, киік етіп сұрап жүргендер аз емес.
"Осы ауданда тұрамын. Киіктің еті сатылады деген соң алғымыз келді. Қазір қасапхана жабық тұр”, - дейді тұрғын Роман Кенжебаев.
Қасапхана жанында киік етін сұрап жүргендер аз емес. Қасапхана қызметкерінің айтуынша, әкелінген киік еті сатылмаған, жүк көлігі ашылмаған күйде кері қайтарылған.
Ақтөбелік тұрғын Мәлік Орақов та Facebook парақшасына қасапханаға барғанда не көргенін жазды.
"Кеше Ақтөбеде Оралдан фурамен келген киіктің еті сатылады деген хабар желдей есті. Барсам бір фура тұр. Арт жағында бассыз, ішек-қарнын алып тастаған жиырма шақты киік жатыр. Терісімен. Бүркіп жауған жаңбырдың суымен ұсқыны кеткен киіктердің мойын еттері көгеріп, бұзылуға айналған. Полиция қызметкері үш-төрт адамды айналдырып сөйлесіп тұр", - деді жазба иесі.
Айтуынша, құжаттар дұрыс емес болғандықтан киік еті саудаланбаған.
Ақтөбе облысына әкелінген 820 бас киік етінің кері қайтарылғанын облыс әкімдігі растады.
"БҚО облысында "Охотзоопром" РММК-ы атуға рұқсат алған тұлға мен Ақтөбедегі жеке тұлға арасында келісім болған. Барлығы 820 киік етін әкеледі. "Дала елі" ЖШС ет комбинатымен келісімге келген. Оның құжаттары дайын емес боп шықты. Ветеринарлық талапқа дайын емес. Ет сатылған жоқ. Бұзылған жоқ. КаМАЗ көлігінің салқындатқышы бар. 8 қарашада келді. 9-ы күні қайтадан БҚО-ға кетіп қалды", - деді Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Қуаныш Демегенов.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері де барған. Полиция тарапынан қандай да бір заңбұзушылықтың тіркелгені туралы айтылмады.
"Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барған", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045240-aqtobede-oraldan-akelingen-bir-fura-kiik-eti-satylmai-keri-qaitaryldy/