Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысындағы орман өрті: қаза тапқан 14 орманшының туыстары тергеуге наразы

Опубликовано:

"Семей орманы" резерватының қызметкері
"Семей орманы" резерватының қызметкері. Көрнекі фото: instagram.com/glpr.semeyormany

Абай облысындағы алапат орман өртіне қатысты сот отырысы басталды. "Семей орманы" резерватының екі лауазымды қызметкері күдікті ретінде жауапқа тартылуда. Ал өрт кезінде қаза тапқан 14 орманшының туыстары бес айы бойы жүргізілген тергеу амалдарына көңілі толмай отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Арна мәліметіне сүйенсек, алғашқы тыңдалымға жәбірленуші тарап толық келген. Марқұм 14 орманшының туыстары екі адамның ғана жауапқа тартылғанына наразы.

Сот отырысына келген Дәмелі Байбазарованың жалғыз ұлы Серікжан Тоқтасын 27 жасында аталмыш орман өртінен қаза тапқан.

"Күдікті ретінде екі адамды ғана ұстап отыр. 15 адам өртеніп кетті. Балаларыңның тірідей жанып жатқанын елестетіңдерші! Сұмдық! Осы заң дұрыс па? Басқалары қайда?", - деді марқұм Серікжан Тоқтасынның анасы Дәмелі Байбазарова.

КТК арнасының мәліметіне сүйенсек, айыпталушылар үйқамақта отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, олар он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Абай облысындағы табиғи өрт 8 маусымда "Семей орманы" табиғи резерватына қарасты Батпаев орман шаруашылығының аумағында шыққан еді. Алдын ала болжам бойынша 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған. Кейін өрт күшейіп, басқа да учаскелерге ойысқан.

Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.

11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.

Сондай-ақ президент өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында Бас прокуратураға уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045544-semei-ormanyndagy-ort-tiridei-zanyp-ketken-14-ormansynyn-tuystary-tergeuge-narazy/

pixel