Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкім баласы ауру болсын демейді": ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар күйзелістен қалай шыққанын айтты

Опубликовано:

ана мен бала
Ана мен бала. Көрнекі фото: pexels.com

Елде туа бітті сал ауруы, аутизм, психикалық дамуында ауытқуы, Даун синдромы бар бала тәрбиелеп отырған аналар аз емес. Ақтөбе облысында мүгедектігі бар балалардың аналары бір-біріне қолдау көрсету мақсатында жиі кездесіп, бір ортаға жиналуды әдетке айналдырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өңірде өзара психологиялық қолдау көрсетіп, тренингтер өткізуді мақсат қойған тағдырлас аналар жетерлік. Солардың бірі әлеуметтік жоба ұйымдастырып, басы-қасында жүрген ерекше баланың анасы - Гүлсаян Ыбырай.

"Бұған дейін онға жуық тренинг болды. Нәтижесінде жұмысқа шығып, қайта балалы болып, баласын арнайы орынға апарып, өз өмірін реттеген, қайта тұрмыс құрған, қызметін өсірген, кәсіп ашқан аналар өте көп. Әйелдің қолдаушысы - әйел. Әйелдің мұңын әйел ғана түсінеді", - дейді әлеуметтік жоба ұйымдастырушыларының бірі Гүлсаян Ыбырай.

ерекше баланың анасы
Гүлсаян Ыбырай. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ерекше балалардың анасы кездесулерде жылап-сықтамай, қоғамға араласып, бір-бірін белсенді өмір сүруге үгіттейді.

"Өзім де ерекше баланың анасымын. Баламды алты жыл емдедім. Апармаған жерім жоқ. Қолым, аяғым жеткен жерге апардым. Емдетіп жүргенде күйзеліске түскенімді білмей қалдым. Өмір бойы мүгедек баламен өмір сүрген ана ерік-жігері мықты болмаса, үйінен шықпай қалса баламен бір деңгейде қалады. Тез ашуға салынады. Мұндай ана көп екен. Арада 11 жыл өтті. Ұлым қазір сауықтыру орталығында. Сонда бергеніме төрт жыл болды. Өз-өзімді көтердім, баланың ауырғаны үшін өзімнен кінә іздеуді тоқтаттым. Біз бәрін көрсетуіміз керек. Бұл ұят емес, айту керек, шығу керек. Ешкім баласы ауру болсын демейді. Жан жарасы ешқашан жазылмайды. Адамның жүрегінде қалады", - дейді Гүлсаян Ыбырай.

Бір ортаға жиналған аналардың айтуынша, кез келген психолог баласы түрлі ауруға шалдыққан балаға көмектесе алмайды және ем жүргізуді мойнына ала бермейді.

"Өзім осындай жобаларға 2020 жылдан бері қатысамын. Әр ана ішкі күйзеліспен келеді. Бұрын мен де адамдарға сенбейтінмін. Баламды біреудің қасына қалдыру, дамыту орталықтарына апаруға қорқатынмын. Баламмен 3,5 жыл үйде отырдым. Жұмысқа шыға алмадым, қонаққа да бармадым. Қазір балам 6 жаста. Мектепке дайындыққа, үйірмеге барады. Баламды ерекшелігімен қабылдадым. Мүгедектікке құжат тапсырдым. Көмек керегін түсіндім. Жұмыс істемей отыра берсең, бір жерде тоқтап қалатынымды ұқтым. Тренингтер өмірімді түбегейлі өзгертті. Үш жылдан бері жұмысқа кірдім. Мен ана ғана емес, маман болуды да үйрендім. Иә, ерекше баланың анасымын. Қоғаммен белсенді байланыстамын", - деді әлеуметтік жоба белсендісі Мария Мырзатаева.

ерекше баланың анасы
Мария Мырзатаева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында мүгедектігі бар 4977 бала тұрады. Ерекше бала бағып отырған ата-анаға немесе күтушісіне мемлекеттен ай сайын 65 313 теңге жәрдемақы төленеді.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045707-eskim-balasy-auru-bolsyn-demeidi-erekse-bala-tarbielep-otyrgan-analar-kuizelisten-qalai-syqqanyn-aitty/

pixel