Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанадағы аялдама әйнегін сындыру ісі: видеоға түсірген тұрғын жазаланды

Опубликовано:

Астанада вандализм жасаған тұрғын
Астанада вандализм жасаған тұрғын. Видео кадры: police__astana

Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты елордадағы аялдама әйнегін сындырған ер адамды видеоға түсіріп, бейәдеп пікір білдірген тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Астана қалалық соты ресми сайты.

Ведомство ақпараты бойынша, сотта Instagram әлеуметтік желісінде белгісіз адам аялдама павильоны әйнегін қасақана сындырып, ал Р. есімді тұрғын телефонға түсіріп, сөйлегенде бейәдеп сөз айтқаны анықталған.

"Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамдық орындарда тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын балағат сөздер айтқаны үшін Р.-ге қатысты істі қарады (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі)", - деп жазылған іс материалдарында.

Алайда ведомство баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, аялдама павильоны әйнегін сындырған адамға қатысты іс әлі қаралмапты.

Сотта Р. өзінің кінәсін толық мойындаған әрі жасаған ісіне өкініп, болған оқиғаны мас күйінде жасағанын айтты.

"Р. кінәсі оның сот отырысында және сотқа дейінгі іс жүргізу барысында берген түсіндірмелерімен, бейнежазбамен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен дәлелденді", - деді Астана қалалық соты баспасөз қызметіндегілер.

Астана қалалық соты ресми сайты дерегі бойынша, осы баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жазаны не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Сот оның өкінгенін жеңілдететін мән-жай деп, ал мас күйінде құқық бұзушылық жасағанын ауырлататын мән-жай деп таныды.

Сотта шығарылған қаулыға сәйкес, Р. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін елорда көшелерінде вандализм жасаған тұрғын ұсталғанын жазған едік. Ол жасаған ісін мойындап, кешірім сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045772-astanadagy-ayaldama-ainegin-syndyru-isi-videoga-tusirgen-turgyn-zazalandy/

pixel