Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көпбалалы отбасы атандық": Жетісуда дүниеге келген 20 миллионыншы тұрғынның ата-анасы кім

Опубликовано:

Әзімбаевтар отбасы
Әзімбаевтар отбасы. Фото: жеке мұрағатынан

Талдықорғандық Мұхтар Әзімбаевтың отбасында еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. KAZ.NUR.KZ тілшісі сәбидің ата-анасымен тілдесіп, қуанышты хабарды қалай қабылдағанын сұрады.

Мұхтар Әзімбаев пен Диана Әзімбаева 2015 жылы отау құрған. Ерлі-зайыпты осымен төртінші сәбиін сүйіп отыр.

"14 қарашада дүниеге келген ұлымыз - төртінші баламыз. Тұңғышым - Айзере 2016 жылы туған. Одан кейін екі ұлым бар. Алланың қалауымен үшінші ұлым дүниеге келді. Көпбалалы әке атанғаныма, жұбайым көпбалалы ана атанғанына өте қуаныштымын. Ал балам 20 миллионыншы болып дүниеге келеді деп күтпедік, үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ. Әлі де сене алмай отырмын. Өмірімде бірінші рет осындай жағдай болып тұр. Жан-жақтан телефон шалып, құттықтап жатыр. Әкімдіктен құттықтау алдым", - дейді Мұхтар Әзімбаев.

Әзімбаевтар отбасы
Әзімбаевтар отбасы. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

20 миллионыншы болып туған сәбидің есімін Мұхтар өзі Айсұлтан деп қойыпты. Анасының айтуынша, нәрестенің салмағы 3 кг, бойы - 50 см. Осы орайда Диана Әзімбаева перзентхана қызметкерлеріне алғысын білдірді.

"Босандырған дәрігер Рамия Рамильқызына, босанудан кейінгі бөлімдегі емдеуші дәрігерім Балауса Аюбханқызына, босанудан кейінгі бөлім меңгерушісі Зейнегүл Бейсенғалиқызына, акушерлер Альфия Бейсенбайқызына және Оляға рақмет. Өз жұмысының кәсіби мамандары деп айта аламын", - дейді жүрекжарды алғысын айтқан Диана.

Мұхтар мен Диана Өзбекстанның Бостандық ауданының тумасы. Мұхтар қызмет бабы бойынша Талдықорғанда 10 жылдан бері тұрып жатыр.

"2013 жылы Әуе қорғаныс күштерінің әскери инстутын тәмамдадым. Содан бері Талдықорғанда әскери қызметімді өтеп жатырмын. 21751 бөлімінде қызмет етемін, шенім - майор", - дейді Мұхтар.

Айта кетейік, бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған перинаталдық орталығына барып, Әзімбаевтар отбасын құттықтады. Әкім баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін, президент жолдаған сый-сияпат - балаға қажетті бұйымдар, сол сияқты арба сыйға тартты.

Бейбіт Исабаев
20 миллионыншы сәбидің ата-анасын құттықтаған облыс әкімі. Фото: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046027-kopbalaly-otbasy-atandyq-zetisuda-duniege-kelgen-20-millionynsy-turgynnyn-ata-anasy-kim/

pixel