Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әлеуметтік желі дамыған тұста әкім болу қиын": шалғай ауылды басқаратын жас жігіт ел мәселесін ашып айтты

Опубликовано:

Ауыл әкімі
Ауыл әкімі Асылхан Жұбаналин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс округінің жастары қалаға қарай көшіп жатыр. Ауыл әкімі елдімекен мәселесін ашып айтты. Оның сөзінше, шалғайдағы ауылға мүлде жол салынбаған. Үш ірі мұнай компаниясы бұрғылау жұмысын жүргізіп жатқан жерде көгілдір отын күтіп отырған ауыл да бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылдық округінің әкімі Асылхан Жұбаналин - ел сенімін ақтауға тырысқан жастардың бірі. Шалғайдағы ауыл әкімі жол қатынасының қиындығын көрсетті. Үш ірі мұнай компаниясы бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан жерде көгілдір отын күтіп отырған ауылдар да бар.

Жол салынбаған ауыл

Жол
Жол. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ауылдағы қиындық - жол. Ауылға асфальт жол салынған емес. Көктемде балшық болып, жол қатынасы қиындайды. Мердігерлер бізге келмейді. Оларға бұл жаққа жол салу тиімсіз. Қиыршық тас, битум тасымалдау керек. Шығын көп кетеді. Соңғы кезде ауылға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Біздің бар тілегіміз - жолдың салынуы. Округке Қаражар, Ақтам елдімекендер қарайды. Қаражар халқы газ күтіп отыр. Әйтпесе 100-ге жуық үйі бар ауыл жастары қалаға қарай көшіп жатыр. Қазір келіншектердің талаптары жоғары. Интернет керек, қаладағыдай өмір сүргісі келеді. Жастардың тұрақтамауына олардың әсері жоқ емес", - дейді әкім.

Жарқамыс ауылының өзі 2009 жылдан бері ақысыз газбен қамтылған. "Қазақтүрікмұнай" компаниясы 40 жыл ауылды ақысыз газбен қамтуға келісімге отырған.

Жарқамыста 340 үй, 2000-ға жуық халық бар. Ауыл тұрғындарының 30 пайызы мұнайшылар. Ауылда 300-ден аса оқушысы бар үлкен мектеп, екі балабақша жұмыс істеп тұр. Спорт мектебі, кітапхана, амбулатория бар. Әлеуметтік жағдайы басқа ауылдарға қарағанда көш ілгері.

Дала әкімі

Жарқамыс ауылдық округінің әкімі
Асылхан Жұбаналин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Асылхан Жұбаналин ауыл әкімі елдегі бар мәселеге жауапкершілік алатынын айтады. Сондықтан, оның пікірінше, әлеуметтік желі дамыған заманда әкім болу қиын.

"Ауыл әкімінің жұмысына бәрі кіреді. Негізгі жұмыс көп емес. Бірақ қосымша міндеттемелер бар. Ауылда жарық сөніп қалса, электрикті ертіп ақауды іздейміз. Күйеуі әйелін сабап жатса да, учаскелік полицеймен бірге сол үйде жүремін. Кез келген уақытта тұрғындар әкімді іздейді. Қазір әлеуметтік желі жақсы дамыды. "Әкім қайда?" деп барлық кемшін тұсты салып жатады. Ұсақ-түйек жұмыстың бәріне "әкім жүруі керек" деген түсінік бар. Көп дүние адамдардың өзіне байланысты. Кез келген мәселеге жауапкершілікпен қарауымыз керек. Әлеуметтік желі дамып тұрған кезде әкім болу қиын. Талап жоғары. Мұны біз де пайдаланамыз. Көшеде қоқыс жатса түсіріп: "Мыналарыңыз не?", - деп желіге жүктеп отырамыз", - дейді ауыл әкімі Асылхан Жұбаналин.

Жарқамыс - үлкен округтің бірі. Үстірттер, тарихи орындар көп.

"Ауыл айналасында адасып жүретіндер жиі кезігеді. Жоғалып кеткен адам іздеуге шығамын, үйіме әкелемін. Суға кеткен адамды құтқарамыз. Өртке барамыз . Даланың әкіміміз. Барлық жұмысқа барамыз. Астымдағы УАЗ көлігімен көп жұмыс атқарылады. Ауылдың қоқысын да шығарамын", - дейді ол.

Асылхан Жұбаналин 34 жаста. Үш жыл бұрын туған жеріне әкім боп сайланған. Айтуынша, 8 жыл қалада салық саласында жұмыс істеген. Ата-әжесі, әке-шешесі ауылда тұрады.

Жалқаулық жоқ емес

Жарқамыс
Жарқамыс. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ауылда 45 әйел жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр. Оның оншақтысы зейнет жасына жақындаған. Биыл жазда ашылған спорт кешеніне 11 адам жұмысқа кірді. Әйел адамдарды "Ауыл аманаты" жобасымен жұмыспен қамту жүріп жатыр. Үйрек өсіріп, тігін тігіп түрлі кәсіппен айналысып жатыр. Жалқаулық та жоқ емес. Бұрынғы әжелеріміздей ешкім күл шығарып отырған жоқ. Тезек термейді. Қой кезекке бармайды", - дейді әкім.

Асылхан Жұбаналин ауылдағы 60-тан аса шаруа қожалығы малшы таба алмай отырғанын да жеткізді.

"Мал бағуға ешкім бармайды. Ауыл айналасындағы шаруа қожалықтарының бәрінде малшы жоқ. Өздері мал бағып, далада жүр. Жұмыссыз жүргендерге ұсыныс болды. Қожалық иелері "5-10 сиыр берейін, алып кетіңдер, ауылда отырып сауыңдар" деген де ұсыныс айтты. Сауғысы келмейді. Үйіндегі жалғыз сиырын саумай бұзауымен өріске жібере салады. Менің 80 жастағы әжем әлі күнге сиыр сауып отыр. Атам екеуі жаз шықса бақша қарайды", - дейді ол.

Алыстағы ауылдың тағы бір ерекшелігі - мұнда қазақтың белгілі қаламгерлері туған. Атақты Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Бәкір Тәжібаев секілді ақын -жазушылар осы ауылдан шыққан. Ауыл жастарының спортқа қызығушылығы жоғары. Ауылдан самбодан, қазақ күресінен, бокстан Азия, әлем чемпиондары бар. Биыл Қаражар ауылының азаматы Рамазан Ғалел аударыспақтан әлем чемпионы атанды.

Туған жерінің жетістіктерін тізіп, мәселесін ашып айтқан ауыл әкімі жасалатын жұмыстың аз емес екенін де жасырмады. Діттеген ісін бастауға қол қысқалығы тұсау болып, жүзеге аспай жатқан шаруасы да шаш етектен.

"Ауылда үйлерді құм басу проблемасы бар. Әр үй мал ұстап отыр. Мал тұяғымен ауылға құм келіп жатыр. Кезінде аталарымыз малды көшіп жүріп бағып, жерді тыңайтқан. Қазір отырып бағады. Салдарынан ауылдарды құм басады. Болашақта малды сыртқа шығарудың жолын қарап жатырмыз", - дейді әкім.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046442-aleumettik-zeli-damygan-tusta-akim-bolu-qiyn-salgai-auyldy-basqaratyn-zas-zigit-el-maselesin-asyp-aitty/

pixel