Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"10 жасымда көрпе құрадым": әжесінің тәрбиесін көрген жігіт тігіншілікті қалай кәсіпке айналдырды

Опубликовано:

Жаңаберген Айтқалиев
Жаңаберген Айтқалиев. Фото: Мейірбек Тажкуранов

Бүгінде елімізде сәнді киім тігіп, өз жұмысын әлемге паш етіп жүрген арулар жетерлік. Олар табандылықты қажет ететін істің берер жемісі мол екенін біледі. Ал тігіншілікпен сүйсіне айналысатын ер азаматтар саусақпен санарлық. Солардың бірі - ақтөбелік Жаңаберген Айтқалиев, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айтқалиев Жаңаберген Бақытқалиұлы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қайыңды ауылында дүниеге келген. 23 жастағы азамат бүгінде Астана қаласында жұмыс істейді. Көпбалалы отбасынан шыққан ол тігіншілікке бес жасынан қызыға бастаған.

"Ауылда әжем, ата-анам бәріміз бірге тұрдық. Мен 1 жасымнан бастап әжемнің бауырына кеткенмін. Содан 18 жасқа дейін сол кісінің тәрбиесін көріп өстім. Әжем "жігітке жеті өнер де аз" деп, шаруаның түр-түрін үйретті. Негізі 5 жасымнан бастап қуыршаққа киім тіккенмін. Содан әжем қиық маталар беріп жүрді. Ал 10 жасымда құрақ көрпе дайындадым", - дейді ол.

Жаңаберген тігін тігуден бөлек, аз әзірлей алады, етік тігеді. Сурет салудан да құр қол емес. Ол өзіне қажетті істің бәрін үйреткені үшін әжесіне алғыс айтудан шаршамайды.

Жаңаберген Айтқалиев
Жаңаберген Айтқалиев. Фото: Мейірбек Тажкуранов

"Ер бала болған соң жылқыға да мінемін, аула тазалаймын, құрылыспен де айналысамын, мал шаруасына да араласамын. Бірақ әжем үнемі "жұмыс қызға немесе ұлға деп бөлінбейді" дейтін. Солай екеуміз қойдың жүнін алып, жуып, оны сабап, түтеп, көрпе құрайтынбыз. Ал кейін бәрін өзім істейтін болдым. Ғаламтордан қарап, машықтана түстім. Бірде қарындасымның балабақшадағы байқауына киім тігіп, ол жүлделі орын алып келді. Содан шабытым одан сайын ашылып кетті", - деп күледі тігінші.

Астаналық азаматтың негізгі мамандығы – газ-электр дәнекерлеуші. Ол 2016 жылы Ақтөбедегі құрылыс және бизнес колледжіне оқуға түскен. Бірақ өз сүйікті ісімен айналысуды ешқашан тоқтатпаған.

Жаңаберген Айтқалиев
Жаңаберген Айтқалиев. Фото: Мейірбек Тажкуранов

"Содан 2018 жылы оқуымды тәмамдап, әскерге кеттім. 2019 жылы отан алдындағы борышымды өтеп келіп, ауылда жұмыс істедім. Бірде елордадан құрақ көрпелерім мен тіккен киімдеріме қызығып жүрген туысым хабарласып, жұмысқа шақырды. Осылайша 2022 жылдың тамыз айынан бастап Астанаға жұмысқа орналастым", - дейді ол.

Астанадағы ательелердің біріне жұмысқа кірген азамат сынға қалғанын да жасырмады. Алайда ол өз ерік-жігерінің арқасында бүгінгі дәрежеге жеткенін айтады.

"Бұл - қыз баланың ісі" деген сөзді көп естідім. Бірақ қолдан келсе, неге жалғастырмасқа деген шешімге келдім. Берік Исмаиловтың жұмыстарын қарап, мотивация алдым. Қазіргі табысым жақсы, өз-өзімді қаржылай қамтамасыз етіп отырмын. Бастысы өз ісімді жақсы көремін", - дейді Жаңаберген Айтқалиев.

Жаңаберген Айтқалиев
Жаңаберген Айтқалиев. Фото: Мейірбек Тажкуранов

Тігінші жігіт жұмыс барысында көптеген танымал тұлғамен жұмыс істеген. Оған қазір де түсетін тапсырыстар аз емес көрінеді.

"Мәселен, бізге Майра Ілиясова, Алтынай Жорабаева, Арайлым Рахымқызы, Қымбат Досжан, Жанерке Елшін және тағы басқа тұлғалар келіп, тапсырыс берді. Мен де сол жұмысқа атсалысып, киім тігуге көмектесіп жүрдім. Қазір де киім тігуге, дизайнерлікке байланысты ұсыныстар түседі ,- дейді ол.

Жаңаберген Айтқалиев келешекте жеке брендін ашып, халыққа сәнді әрі сапалы киім ұсынғысы келеді. Ол бұл мақсаты үшін талмай еңбектенуді тоқтатпасы анық.

Сұхбаттасқан Ұлжан Ибраим

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046600-10-zasymda-korpe-quradym-azesinin-tarbiesin-korgen-zigit-tiginsilikti-qalai-kasipke-ainaldyrdy/

pixel